Қыдырәлі Болманов аты-жөні белгісіз желі қолданушысының "Халық әртісі" атағы туралы видеоүндеуін жариялап, онымен толық келісетінін айтты.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Видеодағы ер адам «Халық әртісі» атағы Бекболат Тілеуханов пен Қыдырәлі Болманов секілді нағыз қазақ өнеріне үлес қосқан азаматтарға бұйырмағанын айтқан.
«Халық әртісі дегенді еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тұрып сәлем беретін, соның өнерін бағалайтын, сүйетін, соны танитын адамға береді. Ал біз кімге беріп жатырмыз? Беріп жатқан адамдар өздері мазмұнын түсінбейсіңдер ғой деймін. Кеше жолдан қосылғандарға беріп, таратып жатсыздар. Олай болатын болса, ертең тас лақтырған адамға «Халық әртісі» түсетін болады. Жоғары буын, орта буын, кіші буын дегендер бар екенін ұғу керек қой. Жоғары буындардан Қайрат Байбосынов ағамыз алды. Оған ешкім ештеңе демейді, түсінікті. Не берсеңіз де жарасады. Орта буынд кім болды? 90-жылдарда құлдырау кезінде шоу-бизнесті кім тізгіндеді? Кеше ғана Батырхан Шүкенов ағамыз бір атақсыз дүниеден өтті. Қыдырәлі Болмановқа берсеңдерші. Бәрі орыстанып жүрген кезде АБК тобын құрды. «Ұлытау» тобын құрып, оны сонау Голливудқа апарып, «Адай» күйін ойнатты. Атақ алғандардың қайсысы осындай дүние жасады?! Ол кісілер де айтпайды екен. Бірақ талантты адамдар өздерін ұсынбайды ғой. Бірақ қасындағылар айту керек қой. Үндемей отырсаңдар осылай боалды. Кім көрінген алады. Бекболат Тілеуханов бар. Сәләф дейді, бәрібір емес пе. Әркімнің діні өзінде. Бірақ, қазақтың өнеріне ол кісі үлкен үлес қосты. Ақтамберді, Бұқар жырау, Шалкиіздің әндерінен бастап. Бекболат Тілеухан Клара Төленбаеваның ұстазы ғой. Сонда қалай ұстазы алмай, шәкірті алады?», — дейді ол.
Продюсер, әнші Қыдырәлі Болманов желідегі парақшасында осы айтылған пікірмен толық келісетінін айтып, жазба жариялады.
«Маған осы бір бауырымның шынайы “эмоциясы” өте ұнады… Есімін де білмейді екенмін, таныс емеспін. Бірақ көзіндегі от, әділдікке ұмтылып, ұлт өнеріне, мәдениетіне жаны ашып,
жаны ауырып тұрғаны ұнады… Жалпы, Халық әртісі болып аталған соң, ашық халық дауысымен, халық атымен берілетін марапатты, халық өзі бергені үйлесімді шешім болар еді… Бұл — менің жеке пікірім. Қазір келген ой.
Халық атынан берілетін дүние өте салмақты, өте жауапты… жүгі де ауыр….
Рақмет, бауырым. Алла разы болсын ! Бізді айтқаның үшін емес. Әділ сөздерің үшін! Ақ ниетің үшін! Маған керегі не?,-деп, телефон құшақтап, жатып алмай азаматтық позияцияңда кесіп-кесіп, ойлар айтқаның үшін!
Өз басым атақ құмар емеспін және “карты” ойнайтын карта бар емес пе, соған таза жоқпын. Тіпті ойнау да білмеймін. Аллаға сансыз мадақ! Маған елімнің қай түкпіріне барсам да алдымнан шығатын аналарымның ақ баталары, елімнің құрметі, мейірімді Алланың назарында, ұлтымның ұлына айналып, елімнің есінде қалсам, ел қажетіне жарасам, ұл-қыздарымның бақытына бөленсем, қанағат. Жетіп артылады! Аллаға сансыз мадақ! Әр отбасына Алладан бақыт тілеймін!», — деп жазды ол.
Желі қолданушылары мен продюсердің оқырмандары жазбаға түрлі пікір жазуда.
«Сізде бұл атақ бар деп ойлаппын, ұят-ай», «Розаның ұлының, Әлішер Каримовтың қазақ өнеріне не еңбегі сіңді, күйіп кетесің ғой», «Атақтың қадірі де мәні де қалмады», «Бұл атаққа сіз лайық едіңіз, бір кем дүние», — деп жазды олар.