Депутат қолданыстағы нормативтерді қайта қарауды ұсынып отыр.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев шекаралас аймақтарда орналасқан мектептердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Тәуелсіздік алғалы бері құжат үстіне құжат қабылдаған мемлекеттік органдарда жалқының мысалын жалпыға жабу бар. Яки әлеуметтік нысандар ашса да, білім ордаларын салса да "пәленше адам болса ғана түгенше шаршы метр ғимарат салынады" деген сансыз стандарт қабылдады. Қағаз бәрін көтереді, бірақ қағазға түскен қаріптер халықтың жағдайын қиындатпауы тиіс. Соның бір айғағы Батыс Қазақстан облысында орын алды. Мәселе мектептің жұмыс істеп тұруына кепілдік беретін оқушы санының шегіне қатысты. Батыс Қазақстан облысының 8 ауданы Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесетінін мен айтпай-ақ білесіздер. Бірақ бала санының аздығына байланысты Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 12 бастауыш мектептің жабылғаны, ал 2024 жылы 4 бастауыш мектептің таратылғаны расында төбемізге жай түскендей әсер етті", – деді депутат.

Нартай Сәрсенғалиев нормативтің кесірінен бастауыш мектептері жабылған 12 ауылда тұратын халықтың обалы кімге деп сұрақ қойды.

"Мектеп жабылды деген сөз бұғанасы қатпаған балалар өзге ауыл-аудандарға оқуға кетуге мәжбүр дегенді білдіреді. Ол жақта балалардың қауіпсіздігіне, жатын орны мен ас-суына, қала берді жасына сай алуы тиіс мейіріміне кім кепілдік береді? Ешкім. Мектеп жабылғанда жұмыссыз қалған ұстаздардың хәлі нешік? Олар да ауылдан ауылға көшіп жүруі керек пе?", – деп атап өтті ол.

Сөзінше, қазір бір қауіпті тенденция бар.

"Ауылындағы мектеп жабылғандықтан басқа елді-мекенге мәжбүрлі түрде оқуға аттанған оқушылардың ата-аналары да көшіп жатыр. Ал адамы көшкен ауылдың картадан өшетіні белгілі. Бұл Қазақстанға үлкен қатер төндіреді, бір ғана дерек айтайын. Соңғы 5 жылда елімізде 194 ауыл жабылып қалды. Бүгінгідей бұйрықтың бұйдасымен кете берсек бұл сан көбейетіні анық. Себебі мектептің жұмыс істеп тұруы үшін белгіленген ең аз оқушы санына сұрақ жетіп артылады. Өйткені бір өңірде адам көп, бір өңірде адам аз. Сондықтан бір стандартта бәріне бірдей таңу қате. Ендеше аталған нормативтерді қайта қарайтын кез келді. Себебі Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен шектесетін 8 ауданының 7-інде бала санының аздығына байланысты мектептер жабылмақшы. Нормативке өзгеріс енгізбесек тағы 13 мектепті толық көлемде сақтап қала алмаймыз", – деді мәжілісмен.