Шымкенттегі Бадам өзенінің бойында заңсыз құм қазумен айналысқан кәсіпкердің ісі әшкере болды, деп хабарлайды 24kz.
Жергілікті тұрғындар жүк көліктерінің өзен жағасынан топырақ пен құм тасып жүргенін бейнежазбаға түсіріп, құқық қорғау органына хабарлаған. Шағым негізінде тексеру жүргізілді. Кәсіпкердің жер теліміне мемлекеттік актісі болған, алайда құжат бойынша балық шаруашылығын жүргізуге рұқсат берілген. Ал ол заңсыз пайдалы қазбалар өндірумен айналысқан. Бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Қалада 14 ресми тіркелген жер қойнауын пайдаланушы бар. 24 кәсіпорынның рұқсат құжаттары Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін жойылған. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдары заңсыз пайдалы қазбалар өндірушілермен күресті жалғастырады.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
- Қазіргі уақытта полиция бұл мәселені тергеп жатыр. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Кәсіпкермен барлық қатынастар тоқтатылуы мүмкін, себебі бұл әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзады.