Алматыда тұрғындар шағымы бойынша келген тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткендер ұсталды.

Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Видеода ер адамның полиция қызметкеріне қарсы дөрекі іс-әрекет жасағанын, ал жанындағы азаматтар оны қостап тұрғанын көруге болады.

Алматы қаласы Полиция депарментінің мәліметінше, бүгін таңертең "102" қызметіне қаланың орталығындағы мекемеде қоғамдық тәртіптің бұзылғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына бірнеше патрульдік экипаж жіберілген. Олар мас күйіндегі бір топ азаматпен кездескен.

– Аталған азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына дөрекі түрде қарсылық көрсетті. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 6 азаматтың барлығы ұсталып, Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға берілетін болады, – деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Одан бөлек құқық бұзушылар әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін де жауапкершілікке тартылған.