Бүгін Сенат үлестік құрылысқа бақылауды күшейту туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат ипотека шарттарына елеулі өзгерістер енгізуді көздейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Tengrinews.kz мәліметінше, депутаттар "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарады.
Заң жобасының негізгі мақсаты – үлестік құрылыс саласындағы мемлекеттік реттеуді күшейту, тұрғын үйдің бастапқы нарығындағы мәмілелердің қауіпсіздік деңгейін арттыру, инватакси қызметтері мен автожол саласындағы кадрлық әлеуетті жақсарту, – делінген құжаттың қорытындысында.
Тұрғын үй салынбаса, ипотека жоқ
Түзетулердің негізгі блогы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға қатысты. Құжатта қатаңдату шараларының бірқатары көзделген:
- салынып жатқан тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алу-сату бойынша алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу;
- үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты жоқ нысандарды жарнамалауға тыйым салу;
- халықтан қаражат тартудың заңдылығын әкімдіктердің міндетті түрде мониторингілеуі;
- салынып жатқан көпқабатты нысандарға ипотека рәсімдеуге тыйым салу;
- барлық мәмілелерді тек қолма-қол ақшасыз түрде жүргізу міндеттілігі;
- тұрғын үй құрылысының ұзартылу мерзімін 9 айдан 5 айға дейін қысқарту.
Заң жобасы аясында үлескерлер қорғалмаған және құрылыс салушылар жауапкершіліктен жалтаратын, салынып жатқан үйлерді сатудың "сұр" схемаларын толық жою ұсынылады, – делінген қорытындыда.
Сондай-ақ ынталандыру шаралары да енгізіліп жатыр: үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды төмендету, әкімдіктің рұқсатын алғаннан кейін үлескерлердің ақшасын бірден пайдалану мүмкіндігі, құрылыс салушының жарғылық капиталына қойылатын талаптарды 15 пайыздан 10 пайызға дейін жұмсарту.
Бұл адал құрылыс салушыларға үлескерлердің мүдделеріне нұқсан келтірмей, жобаларды қаржыландыруға неғұрлым икемді тәсілмен қарауға мүмкіндік береді, – деп толықтырды құрастырушылар.
Үлескерлерді қолдау орталығын – жобалардың заңдылығы мен инвестициялардың қауіпсіздігі туралы ақпарат беретін консультативтік орган құру жоспарланған.
Жолдар: бақылау мен ашықтық
Автомобиль жолдарына қатысты бөлімде жол құрылыс материалдары мен технологиялары бойынша Бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу ұсынылады. Сондай-ақ жол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ережелері бекітіледі.
Жолдарды сапасыз жөндеу мен салу деректерінің жиі анықталуына байланысты біз мердігерлерге қойылатын талаптарды күшейтеміз. Жалпы құрылыс және жол жұмыстары бойынша аккредиттеу бөлек енгізіледі. Сонымен қатар техникалық қадағалау "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң субъектілеріне теңестіріледі, – делінген қорытындыда.
Тағы бір маңызды өзгеріс – мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтеріне қатысты. Түзетулер мынадай мүмкіндіктерді қарастырады:
- Инватакси қызметтерін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алу мүмкіндіктерін кеңейту;
- тұрғылықты жерінде жеткізушілер болмаған жағдайда қызметтерді мемлекеттік сатып алу арқылы ұйымдастыру;
- әкімдіктер тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасына бақылауды күшейту.
"Инватакси қызметтеріне қолжетімділік тетіктерін кеңейту мұқтаж жандардың, әсіресе бұрын мұндай қызмет болмаған өңірлерде, қамтылуын арттырады", – делінген хабарламада.
Не күтіледі?
Заң қабылданған жағдайда үлестік құрылыстағы "сұр" нарық үлесін азайту, үлескерлердің құқықтарын қорғауды күшейту, жол сапасын жақсарту және мүгедектігі бар адамдар үшін көлік қызметтерінің қолжетімділігін арттыру күтіледі.
Бұл заң жобасы – құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылым саласындағы қордаланған мәселелерді жүйелі шешуге жасалған маңызды қадам, – делінді Сенатта.
Түзетулер қолданыстағы оннан астам заңнамалық актілерге, соның ішінде Азаматтық, Қылмыстық, Әлеуметтік кодекстерге, сондай-ақ "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы", "Жарнама туралы", "Автомобиль жолдары туралы" және басқа да заңдарға енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ипотека 20% -дан аспауы керектігі туралы жазған едік.