9 және 11 жастағы екі бала бірнеше күн бойы қараусыз қалған .

Қазір қос жеткіншектің өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар уақытша арнайы әлеуметтік қызмет орталығына орналастырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Павлодар облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ал, жеткіншектердің анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көршілердің айтуынша, балалар 2 күн қатарынан ересектердің қарауынсыз қалған. Аталған жағдай жөнінде полицияға хабарлама түскен соң, учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полиция жедел түрде көрсетілген мекенжайға барған. Тексеру кезінде балалар расында да үйде үлкендердің қарауынсыз жалғыз қалған болып шықты.

Полицияның мәліметінше, балалардың анасы еңбек демалысын таныстарымен бірге өткізіп, үйге оралмаған. Тәртіп сақшылары оның алкогольдік мас күйде болғанын анықтады.

Қазіргі таңда балалардың денсаулығы мен психоэмоционалдық жай-күйі мамандардың бақылауында. Анасының әрекеті ата-аналық міндеттерді орындамау ретінде бағаланып, оның ісі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдыру – тек заң бұзушылық қана емес, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін еске салады.