Мұндай қадамға семейлік ұжым тәуекел етіп отыр.

ҚПЛ-де доп тебетін "Елімай" командасы қайта ұйымдастырылып, коммерциялық емес акционерлік қоғам (КЕАҚ) ретінде жұмысын жалғастырмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Олардың сөзінше, қайта ұйымдастыру процесі клубтың жаңаша бағыт алуына мүмкіндік береді.

– Мұндай тәсіл тек инвестиция тартуға ғана емес, сонымен қатар команда төңірегінде шынайы біріктірілген қауымдастық құруға септігін тигізеді, – деген ақпарат таратқан клубтың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, жақын арада семейлік клуб құрамы айтарлықтай жаңаруы ықтимал. Аталған шешім мемлекеттік бюджет есебінен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салатын жаңа заңға байланысты қабылданып отыр. Спорт сарапшылары осы дүрмекпен бірнеше клубтың легионерлерден бас тартатынын болжаған-ды. Сондықтан, бұл тізімді әлі де толықтыратындар табылып қалуы бек мүмкін.

Мұның бастамасы өткен аптада-ақ айқын байқалған. Яғни, "Елімай" румыниялық Эдуард Флорескумен, черногориялық Фейсал Муличпен қош айтысқанын ресми түрде хабарлады.

Осы кезде "Елімай" ҚПЛ-де 11 турдан соң 17 ұпаймен 6-орында тұр. Андрей Карпович жаттықтыратын команданың ендігі жағдайы қалай болатыны белгісіз. Семейлік команда ендігі турда шымкенттік "Ордабасымен" жолығады.

Бұған дейін Қызылорданың "Қайсар" футбол клубы ҚПЛ-дің осы маусымын 100 пайыз отандық ойыншылармен бастаған еді.