Иран Израильді жауапсыз қалдырмады. Бірер сағат бұрын Ислам Республикасы еврей мемлекетінің аумағына 100 шақты дрон жіберген. Мұны Израиль қорғаныс күштерінің өкілі Эффи Дефрин хабарлады. Оның дерегінше, қазір пилотсыз аппараттарды құлатуға әрекет жасалып жатыр. «Рейтер» агенттігінің ақпаратына жүгінсек, Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты мұнай бағасы бірден 9 пайызға өсіп, 75 доллардан асып кеткен. Ал Израильде өз ішінде төтенше жағдай жарияланып, Тель-Авив әуежайы жабылып, ауруханалар қосымша орын әзірлеп жатыр. Жергілікті халық болса, дүкендерге жүгіріп, керек-жарағын тезірек алуға жанталасып жатыр.

Эффи Дэфрин, Израиль армиясының өкілі:

Соңғы бірнеше сағатта Иран өз территориясынан Израиль аумағына жүзден астам дрон жіберді. Барлық қорғаныс жүйелеріміз бұл қауіпке қарсы тұруге әзір. Адам өмірін сақтау үшін мұндай шақта қолбасшылықтың нұсқауларына құлақ асқан жөн. Бұл – бұрынғыдан өзгерек жағдай. Алда әлі ауыр сағаттар тұр. Бекем әрі төзімді болайық.

Айта кетсек, өткен түні Израиль Иранға әуеден соққы берді. Осылайша Тель-Авив Тегеранның ядролық нысандарын жою операциясын жүргізген. Бірақ Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израильдің шабуылдарынан Тегеранда ғимараттар қирап, бейбіт тұрғындар мен балалар қаза тапты. Сонымен қатар мерт болғандардың ішінде Ислам революциясының сақшылар корпусының қолбасшысы Хоссейн Салам да бар. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл операцияға Вашингтонның қатыспағанын мәлімдеп отыр.

Арыстан Рысбек