Мұндай бастаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі жасаған .
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі өткен жылы спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Антикор өкілдері талдауды Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп жүргізген. Тексеріс барысында тиімсіз басқаруға байланысты 11 спорт нысаны мемлекет қарауына берілді. Спорттық іс-шараларға және жалақыға үстеме ақыға негізсіз жұмсалған 1,3 млрд теңге бюджетке қайтарылды.
Кәсіби клубтар өздерінің спорттық инфрақұрылымын салудың орнына басшылықтың жалақысын көтеруге, легионерлерге төлемдер арқылы шығаруға, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға орынсыз қаражат жұмсағаны анықталды.
"Талдау қорытындысы бойынша спортты дамыту басымдықтарын қайта қарауға, оқу-жаттығу жиындарын өткізуді бақылауды қатаңдатуға, кәсіби клубтар мен федерациялардың бюджеттерін қысқартуға, қаржыландыруды орталықтандыруға, сондай-ақ цифрландыруды енгізуге бағытталған 50-ден астам ұсынымдар енгізілді. Оларды қарау нәтижелері бойынша 2024 жылғы желтоқсанда және 2025 жылғы наурызда бірқатар салалық ережелерге түзетулер енгізілді.
Енді футбол кәсіпқой клубтары үшін мемлекеттен қаржыландыру алу үшін балалар-жасөспірімдер және жастар футболының жеке бөлімшелерінің, жастар командаларының, стадиондар мен сабақтар өткізуге арналған құрылыстардың болуы туралы талаптар қолданылады. Оқу-жаттығу жиындарына бақылау күшейтілді, оларды өткізуге лимит белгіленді.
Агенттіктің ұсынымдары бойынша ағымдағы жылы 15 сәуірде "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңға Туризм және спорт министрлігінің кәсіби спорт клубтарын ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының лимитін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салуды бекіту жөніндегі құзыретін көздейтін толықтырулар енгізілді", – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында кәсіби спортты, оның ішінде футбол клубтарын қаржыландыру 6,7 млрд теңгеге (60,5-тен 53,8 млрд теңгеге дейін) қысқартылды. Қабылданған шаралар отандық спортты және өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін "Ордабасы" футбол клубының ойыншыларына 2,3 миллиард теңге мөлшерінде заңсыз үстеме ақы берілгенін жазған болатынбыз.