Мұны екі жақтың әскерилері мәлімдеп отыр.

Ресей мен Украина тағы да соғыс тұтқындарын алмастырды. Осы жолы қанша жауынгердің үйіне оралғаны белгісіз, деп жазады inbusiness.kz сайты Ресейдің Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Мамырдың басында екі жақтың өкілдері Ыстамбұлда келіссөз жүргізіп, мыңдаған жауынгердің мәйіттерін бір-біріне қайтаруға уағдаласқан еді. Содан бері қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқандардың денелерімен бірге қатты жараланған немесе науқастанған бірталай сарбаз үйіне жіберілген. Олардың көбі 25-ке толмаған жастар.

Тағы бір айта кететін жайт, тұтқын алмасу – өткен айда Түркияда қайта жанданған келіссөздердің жалғыз әрі нақты жетістігі.