Жамбыл облысында қоғамдық жерде болатын құқықбұзушылық дерегі былтырмен салыстырғанда 20% төмендеген, деп хабарлайды 24KZ. Құқық қорғау органдары мұндай нәтижеге профилактикалық жұмыстың нәтижесінде жетіп отыр. Қылмыстың алдын алуға арналған шаралар мен жоспарлар облыс прокурорының төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында талқыланды. Жиында кәмелетке толмағандар арасында қылмысты азайтып, олардың қауіпсіздігі мен есірткі, алаяқтыққа қарсы күрес жұмыстары талқыланды.
Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына педагогтер, спортшылар, еріктілер мен бизнесмендер және БАҚ өкілдері қатысты. «Сан сала мамандарының көзқарасы мәселеге жан-жақты баға беріп, қылмыстың алдын алуға көмегін береді», – дейді прокурорлар. Жалпы өңірде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті арттыру мақсатында «Komek Stop Bullying», «Қауіпсіз балалық шақ», «Есірткісіз болашақ» және «Қоғаммен байланыс» сынды жобалар іске асып жатыр.
Нариман Торабеков, облыс прокурорының аға көмекшісі:
- Жыл басынан бері прокурорлар 100-ден аса кездесу өткізді. Ол 10 мыңға жуық тұрғындарды қамтыды. Ол жерде әртүрлі мәселелер қаралды. Яғни халықтың негізгі әлеуметтік мәселелері: жер мәселесі, ауызсу мәселесі. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар мен өз-өзін қорғай алмайтын тұлғалардың құқықтары қорғалып, мәселелері шешімдерін тапты.
Қолға алынған жобалар мен профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде тонау дерегі 59% төмендесе, қоғамдық орындарда жасалатын құқықбұзушылық 20% азайған. Ал жасөсіпірімдер қылмысы 42% төмендеген. Кеңесте құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша үздік атанған мамандар шақырылып, тәжірибесі талқыланды.
Жардис Усеинов, Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі:
- Ауылдық округте құқықбұзушылық, нашақорлық ұрлық деген мүлде жоқ бізде. 10 жыл бұрын да әлі күнге дейін тіркелмеген. Жиналыс жасап жатады. Жастарға түсіндіру жұмыстары жасап жатады. Сол себепті бізде нәтижесі жақсы болып шығады.
Анар Жұмахан, оқушы:
- Құқық негіздері сабағы 9-сыныптан басталады ғой. Ал біз осы Қалқан жобасы арқылы бастауыштан бастап арнайы мултьфильмдердің үзінділерін қолданып біз комикс жасадық. Сол арқылы бастауыш оқушыларына үйрете аламыз.
Жиын соңында қоғамдық тәртіпті сақтауға үлесін қосып жүрген мамандар марапатталды. Олардың арасында оқушылар, құқық қорғаушылар, журналистер мен ауыл әкімдері де бар.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә