Үкімет басшысы Олжас Бектенов Hong Kong Sino-Science Oil and Gas Co., Ltd. (Geo-Jade Petroleum) компаниясының президенті Ван Вэньтаомен кездесу өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Жиында мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық және күрделі жолмен алынатын газды өндіру жобасына қатысты мәселелер талқыланды. Бұл жоба Қызылорда облысындағы «Созақ» кен орнында жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және еліміздің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін өзара тиімді шарттарда ынтымақтастықты жалғастыруға және дәстүрлі емес ресурстардың әлеуетін ашуға мүдделі.

Талқылау қорытындысы бойынша жұмыс топтары деңгейінде жұмыс жалғасатыны анықталды.

Айта кетейік, Geo-Jade Petroleum – Қазақстанда 10 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан мұнай мен газды барлау және өндіру бойынша ірі қытайлық компания. Бұған дейін кәсіпорын Қазақстанда $3 млрд-тан асатын бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып, 1 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашқан.