Оның тиімділігі 90% деп болжанып отыр.

Көктем келе Павлодар облысындағы мамандар қансорғыштарға қарсы күреске кіріскен еді. Бүгінде жоспарлы жұмыстың басым бөлігі аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ертіс өзенінің жағасындағы өңір үшін шыбын-шіркей – жыл сайынғы мәселе. Абырой болғанда, соңғы жылдары өңдеу жұмыстарының нәтижесінде маса бұрынғыдай мазаны ала қоймайды. Дей тұрғанмен, бұл арқаны кеңге салу керек дегенді білдірмейді. Керісінше, қансорғыштардың санын мүмкіндігінше азайту үшін жұмысты күшейту керек.

Айталық, биыл әуеден өңделетін аймақ былтырғыға қарағанда 45 мың гектарға көбейіп, барлығы 172 мың гектарды құрады. Әуеден өңдеу ұшағы 448 рет жоғарыға көтеріліп, жайылма маңын өңдеді. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар аяқталды.

"Ірі су айдындарын әуеден өңдеу кезінде биологиялық препарат, Ертістің сағасынан бөлінген су айдындарында химиялық препарат қолданылды. Ұшақ қамти алмайтын аумақтарда бүріккіш құралдар арқылы өңдеу жұмыстары жүргізілді. Ғылыми топ әуеден өңдеу жұмысының тиімділігін 90% деп болжап отыр. Бұл – жоғары көрсеткіш", — дейді Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркенов.

Сонымен қатар, шіркейге қарсы өзенді өңдеу аяқталды. Бұл бағыттағы дезинсекциялық шаралар үш кезеңде жүргізілді. Ал тосқауылдық өңдеу Павлодар қаласы мен 59 елді мекенде жалғасуда.

"Биосфера" ғылыми тобының өкілі Қанат Ахметовтің айтуынша, шіркейді санау әдістемесі оның биылғы саны аз екенін көрсетеді. Айталық, 20 минут аралығында шіркей адам денесінің ашық тұсын, мәселен иығын 30-40 рет шақса, бұл дабыл қағарлық жағдай деп саналады. Биыл мұндай көрсеткіш тіркелген жоқ. Жалпы, мамандар бұл жылы тұрғындардан масаға қатысты түсетін шағымдар саны да айтарлықтай азайғанын алға тартады.