Елдегі көлік жолдарының сапасын бақылау үшін 220 автожүйе орнатылады, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда жол сапасын жақсартуға баса назар аударып, ауқымды құрылыс және жөндеу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. Нәтижесінде 2026 жылдың соңына дейін ел бойынша 220-ға жуық автоматтандырылған өлшеу станциялары салынатын болды. Ол арқылы көліктің маркасы мен мемлекеттік тіркеу нөмірін, салмағы мен габариттік параметрлерін және осьтік жүктемелері мен жылдамдығын тіркейді. Мысалы қазір Астанаға кіреберісте 9 жаңа автоматтандырылған станция орнатылған. Қазақстан бойынша оның жалпы саны 50 бірліктен асады. Мамандардың айтуынша, бұл ауыр жүк көліктерінің жүруін бақылау мәселелерін шешуге және көліктік бақылау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға көмектеседі.