Солтүстік Қазақстан облысында бүтін бір аудан орталығының тұрғындары таза ауызсудан таршылық көріп отыр. Петропавлдың жанындағы Бескөл ауылында күннің ыстығында тәршілік нәрі тамбай қалады, деп хабарлайды 24kz.
«Бұл жаз сайын қайталанатын қалыпты жағдайға айналып барады», — дейді тұрғындар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бескөл – Петропавлдан небәрі 10 шақырым жердегі аудан орталығы. Қала іргесіндегі елді мекенде таза ауызсу мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып тұр. Тұрғындар жаз шығып, күн ысыса болды, тіршілік нәрінен таршылық көреді.
Бескөл ауылының тұрғыны Темірғали Қожахметов жаңбыр жауса қуанады. Өйткені ауласындағы қолдан жасаған бөшкелері суға толып, бір жасап қалады. Зейнеткер осылай бау-бақшасын суарады. Өйткені орталықтандырылған жүйеге сенім жоқ.
Темірғали Қожахметов, Бескөл ауылының тұрғыны:
- Жазғытұрым су өте жиі болмайды. Әсіресе, ыстық күндерде. Қияр, сосын қызанақ бәрін де суару керек қой уақытында. Сонымен картоп, картопты суару керек. Оған су жетпей тұр.
Таза ауызсу көпқабатты үйлерде де жоқ. Гүлшат Матаева екі аптадан бері сусыз отыр. Түнде тамшылап аққанын ыдыстарға толтырып алған. «Оның өзі тұрмыстық ыңғайсыздық туғызады», — дейді әйел.
Гүлшат Матбаева, Бескөл ауылының тұрғыны:
- Қазір күн ыстық, жуына алмай отырмыз. Оның үстіне кір киімдер жиналып қалды. Тамақ істеу де қиын болып кетті. Күзге дейін көрген күніміз осы.
Шенеуніктердің айтуынша, бұл – маусымдық мәселе. Бескөл ауылының тұрғындары жаз айларында екі есе көп: тәулігіне 1600 текше метрге дейін су тұтынады екен. «Сондықтан құбырдағы судың қысымы төмендеп кетеді», — дейді олар.
Асхат Бәкеев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл мәселені шешу үшін техникалық сараптама жасалады. Аудан орталығындағы су желілерін толық жаңғырту керек. Осыған байланысты жобалау құжаттарына қаражат бөлу жағын қарастырамыз.
Аудан орталығындағы су желілерінің жалпы ұзындығы – 20 шақырым. «Қазір оның 60%-і тозған», — дейді мамандар.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков