«Самұрық-Қазына» биыл құны 355 млрд теңге болатын 5 жобаны іске қосты.
Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Қор директорлары кеңесінің отырысында мәлім болды. Атап айтқанда, Ақтау портында контейнерлік хаб пайдалануға берілді. Нысан теміржол құрамдарын қабылдап, жүктерді әрі қарай жөнелтуге қауқарлы. Сонымен қатар Zhetysu халықаралық логистикалық терминалының құрылысы аяқталды. Сиань портымен бірлесіп іске асырылған жоба Қытаймен және Еуропамен көлік байланысымен нығайтады. Оған қоса Ақтаудағы Caspi Bitum зауыты жаңғыртудан өтіп, Алматыда инфекциялық аурулардың жоғары технологиялық ғылыми орталығы салынды. Ал Кендірліде су тұщыту зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы кестеден ерте бітті. «Самұрық-Қазына» тағы 46 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов осы жобаларды уақтылы аяқтап, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіруді тапсырды.