Жетісу облысында дәрігер тапшылығы мәселесін шешу мақсатында өткен жылдан бастап республика бойынша алғаш рет өңірде дәрігерлерге көтерме ақы төлене бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстағы кадр тапшылығы 20,3%-ға қысқарған. Аталған бағдарламаның аясында жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген дәрігерлерге 10 млн. теңгеден, ал қалаға келгендерге 5 млн. теңге көлемінде көтерме ақы төленеді. Ол үшін алдымен үш айлық сынақ мерзімінен сәтті өту керек. Бұдан әрі дәрігер сол өңірдегі медицина мекемесінде кемінде бес жыл жұмыс істеуі тиіс.

Бағдарлама басталғалы бері 110 дәрігерге көтерме ақы төленді. Олардың қатарында Аксу аудандық орталық ауруханасында жұмыс істейтін дәрігерлер отбасы Қайрат Қоңырбаев пен Кәмшат Жанғабаева да бар.

Өзім кардиологпын, ал зайыбым – акушер-гинеколог. Екеуіміздің медицина саласындағы жалпы еңбек өтіліміз – 18 жыл. Отбасы ретінде 20 млн. теңге көлемінде көтерме ақы алдық, соның арқасында баспаналы болдық. Бұл – жас мамандар үшін де, халық үшін де өте пайдалы бағдарлама. Себебі осындай қолдаудың арқасында өңірдің ауылдарына жұмыс істеуге керекті мамандар келуде, – деді Қ. Қоңырбаев.

Қазір өңірде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бұл бағытта Түркия, Оңтүстік Корея сынды шет мемлекеттердің мамандарымен тәжірибе алмасу және тағылымдамадан өту қарастырылған. Сонымен қатар сұранысқа ие бейінді медицина мамандарын даярлау мақсатында 45 маман резидентурада оқып жүр.

Сондай-ақ биыл 18 медицина маманы жұмысқа келген Көксу ауданында облыс әкімінің тапсырмасымен медицина қызметкерлеріне арнап 20 пәтерлік бес қабатты тұрғын үй салынып жатыр.