Ұлыбритания үкіметі Израильдің Иранға жасаған шабуылы кезінде еврей еліне әскери қолдау көрсетпеген.

Патшалықтың әскери-әуе күштері Иранның қарымта шабуыл дрондарын атып түсіруге де қатыспаған. Бұл туралы Даунинг-стрит таратқан мәлімдемеде айтылды.

Премьер-министр Кир Стармер тараптарды жағдайды ушықтырмауға шақырып отыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші

“Израильдің түнде жасаған соққыларына Ұлыбританияның қатысы жоқ”. Премьер-министрдің баспасөз хатшысы осылай деп мәлімдеді. Сонымен қатар осы елдің Патшалық әскери-әуе күштері таңертең Тегеран бастаған қарсы шабуыл кезінде Израильге бағытталған иран дрондарын жою операцияларына араласпағаны белгілі болды.

Өткен жылдың сәуір айында Ұлыбритания Ираннан ұшырылған дрондарды жойып, Израильге қолдау білдіргені мәлім. Қазан айында да бұл мемлекет Тегеран баллистикалық зымыранмен шабуыл жасағанда Тель-Авивті аздап демеді. Бірақ кейінірек Ұлыбританияның Израильге қатысты ұстанымы өзгеріп, министрлер Газаға жасалған қоршауды айыптады. Тіпті Израиль үкіметінің екі мүшесіне санкция да салды.

Бұл шабуылдарға қатысты хабарламалар алаңдатып отыр. Біз қос тарапты сабырға келіп, шиеленісті дереу бәсеңдетуге шақырамыз. Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы ешкімге пайда әкелмейді. Аймақтағы тұрақтылықты сақтау – басты міндет. Сондықтан біз серіктестерімізге деэскалацияға баруды ұсынамыз. Қазір мәселені дипломатиялық жолмен шешетін уақыт.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі

Ұлыбритания министрлері мен шенеуніктері шұғыл жиын өткізіп, қауіп-қатерге сақадай сай болудың жолдарын талқылады. Алғашында Лондон дрондарды атып түсіруге қатыспайтынын және әскерін қақтығысқа араластырмайтынын айтқанымен, кейін оның бұл ұстанымы әлсірей бастады. Оппозициялық консерваторлар партиясының жетекшісі Израильдің Иранға жасаған соққысын қолдайтынын айтып, Ұлыбритания “кімнің жағында екенін нақтылауы тиіс” деді.

Кеми Баденок, консервативтік партия көшбасшысы:

- Біз Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бере алмаймыз. Олар біздің аумақта лаңкестік әрекет ұйымдастыруға тырысқан. Нақтылайық: егер Иран ядролық қаруға қол жеткізсе, бұл Ұлыбритания үшін аса қауіпті болады. Сондықтан мен Израильдің соққыларын қолдаймын.

Ұлыбритания бұған дейінгі әрекеттерін де Израильді қолдау деп түсіндірген. Ол кезде мемлекет АҚШ пен Иорданияның әуе күштеріне қосылып, аздаған үлес қостық деп ақталған. Алайда Газа секторындағы жағдай ушығып, гуманитарлық көмекке ұмтылған ондаған палестиналықтың қазасынан кейін ресми Лондон өз пікірін өзгертті.

Ғалымжан Қараманұлы