Алматыда метроның бірнеше желісін қатар салу жоспарланып отыр.
Қазір "Қалқаман" метро станциясының құрылысы қызу жүріп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты. "Бауыржан Момышұлы" станциясынан бастап туннельдердің ұзындығы — 1,98 км. Сол жақ туннель толық қазылып бітті, оң жақта — 887 метрге дейін қазылған.
Станция құрылысы жалғасып жатыр: желдету шахтасы дайын, топырақ жұмыстары аяқталған. Бетондау жұмыстары 28%-ға орындалғанымен, құрылыс кестесінен аздап кешеуілдеген. Осыны ескере отырып, құрылысты бақылау үшін арнайы жедел штаб құрылды. Метро желісін "Барлық" базарына дейін жалғастыру жобасы дайындалды — тағы 3 станция салу жоспарланған. Жоба жұмыстары басталған күннен бастап үш жыл ішінде жүзеге асырылады.Қазіргі таңда желдету ұңғымасы салынды, қазу жұмыстары аяқталды, ал бетон құю жұмыстары 28 пайызға орындалды.
– Нысанды 2026 жылдың қаңтар айына дейін толық аяқтау үшін құрылыс қарқынын арттыру қажет. Осы мақсатта арнайы штаб құрылатын болады. Оның құрамына қала әкімінің сала бойынша орынбасары, тиісті басқарма басшылары, мердігер ұйым өкілдері, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалау мамандары кіреді. Штаб отырыстарында жұмыстардың барысы апта сайын талқыланып, қатаң бақылауда болады, – деді Алматы әкімі.
Сонымен қатар "Жібек жолы" станциясынан әуежайға дейін екінші желі, ал "Сайраннан" Алатау қаласына дейін үшінші желі бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр.
Метрополитенді дамыту — жолдағы көлік жүктемесін азайтып, алматылықтардың жайлы қозғалысын арттыруға мүмкіндік береді. Қала әкімі жобалауды жеделдетіп, жаңа желілер құрылысын қазіргі жұмыстардың аяқталуын күтпей-ақ бастау қажет екенін тапсырды.