Тарихи жетістік. Қазақстан құрамасы алғаш рет пара волейболдан Азия чемпионы атанды.

Құрлықтық дода Қытайдың Ханчжоу қаласында өтті. Жарыс барысында Бауыржан Тахауов жаттықтыратын жігіттер Сауд Арабиясы, Жапония және Аустралия командаларын ұтты. Жартылай финалда Таиланд құрамасымен кездесіп, 3:0 есебімен басым түсті. Ал, финалда алаң иелері, яғни, Қытай командасымен жолықты. Тартысты өткен матч 3:2 есебмен аяқталды. Осының арқасында Қазақстан құрамасы Азия чемпионы атанды. Екінші және үшінші орындарға, сәйкесінше, Қытай және Тайланд волейболшылары жайғасты. Бұған қоса, жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама сапындағы Ерік Қасқабаев «үздік доп беруші», Шыңғыс Медеуов «үздік либеро», ал Алмат Оспанов «үздік блок қоюшы» аталымдары бойынша жеңімпаз болып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Тағы бір айта кетерлігі, тарихи жетістіктің арқасында қазақ жігіттері 2026 жылғы Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Дүниежүзілік дода да осы Қытайда өтеді және оған Азия құрлығынан Қазақстан мен Қытай қатысады.

Республикалық жарыстың үздіктері анықталды

Жалпы есепте Ақтөбе облысы топ жарды. Қарағанды қаласында трансплантация жасаған азаматтар мен диализ еміне жүгінетін пациенттер арасындағы республикалық жарыс өтті. Айта кету керек, бұл бәсеке биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр және қатысушылар саны жағынан өзіндік рекорд орнатты. Яғни, еліміздің түкпір-түкпірінен 130-дан аса қатысушы жиналды. Олар 5 жас дейгейі бойынша және 5 спорт түрі бойынша өзара мықтыны анықтады. Жарыс бағдарламасында волейбол, жүзу, үстел теннисі, дартс пен боулинг сияқты бағыттар бар. 5 күнге созылған бәсекелер нәтижесінде жалпы есепте Ақтөбе облысының өкілдері бірніші орынға шықты. Екінші орынды Астанадан, үшінші орынды Шымкенттен келген қатысушылар иемденді. Бұндай форматтағы жарыс алдағы жылдары да тұрақты жалғасын табады. Өйткені, трансплантация жасаған және диализ еміне жүгінетін азаматтарды барынша спортқа тартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұған қоса, Дүниежүзілік жазғы трансплант ойындары сяқтты халықаралық жарыстарға баратын ұлттық команданы жасақтау мақсаты тұр.

Әлем кубогінің алғашқы қатысушылары келді

Әлем кубогының алғашқы қатысушылары Астанаға келді. Нақтырақ айтқанда, бүгін елорда әуежайына Канада құрамасының өкілдері келіп қонды. Олардың ертерек табан тіреуі бекер емес. Канаданың былғары қолғап шеберлері жарыс алында осында бірер апта жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отыр. Аталмыш дайындық бірлескен форматта болады. Яғни, Қазақстан және Канада боксшылары бірге шеберлік шыңдайды. Енді кезек-кезекгімен басқа қатысушылар да Астанаға ағылады. Әлем Кубогына бас-аяғы 32 елдің өкілдері келуі керек. Байрақты бәсекенің өзі 30-маусымда басталып, 7-шілдеге дейін жалғасады. Жарыс елорда төріндегі жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Келем деушілдерге есік ашық. Яғни, бокс жанкүйерлері тегін негізде залға кіріп, тартысты кездесулерді өз көздерімен тамашалай алады. Айта кету керек, бұл отандық спорт үшін өзіндік тарихи оқиға саналады. Өйткені, еліміз алғаш рет World Boxing ұйымының дүнижүзілік додасын қабылдағалы отыр.

Дзюдодан Әлем чемпионаты жалғасып жатыр

Бірер сағаттан кейін Абылайхан мен Эсмигүл татамиге шығады. Венгрия астанасы Будапешт қаласында дзюдодан жылдың басты бәсекесі әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Оған 93 елден 600-ге жуық қатысушы жиналды. Бүгін – жарыстың төртінші күні. Сәйкесінше, қос салмақта медальдар сарапқа салынады. Яғни, ерлер арасында 81 келідегі, әйелдер арасында 63 келідегі чемпиондар анықталмақ. Бұл сындарға ұлттық құрама сапынан Абылайхан Жұбаназар мен Эсмигүл Күюлова қатысады. Белдесулер біздің уақытпен 14:00-де басталады. Айта кетейік, әзірге Қазақстан құрамасы қоржыныда бір күміс қана бар. Оны 48 келіде Әбиба Әбужақынова жеңіп алды. Cоның арқасында жалпы командалық есепте 7-ші орында тұрмыз. Топ басында Жапония болса, үздік үштікке Франция мен Италия кірді. Будапеш қаласындағы әлем чемпионаты 19-шы маусымға дейін жалғасады.