Шымкенттегі колледждерде жаңа мамандықтар ашылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында лицензия алынып, мемлекеттік білім беру гранттарына да қаражат бөлінген. Қазірдің өзінде жазғы кәсіби лагерьлерде мектеп оқушыларына түрлі мамандықтың қыр-сыры түсіндіріліп, біліктілігін шыңдауға мүмкіндік беріліп отыр.

Дастарханды жайнатып, дәмді десерт пен ыстық тағамды ерекше ұсыну – нағыз өнер. Қазірдің өзінде шымкенттік мектеп оқушылары осыған дағдыланып жатыр.

13 жастағы Жансая Қалыбай қазір даяшы қызметінің қыр-сырына қанығуда. «Тәжірибені шыңдап, болашақта осы саланың маманы боламын»,- дейді оқушы.

Жансая Қалыбай, №140 орта мектеп оқушысы:

- Біз осы колледжге келгелі бері неше түрлі тағамдардың және торттарды сәндеуге арналған, яғни, десерттер туралы үйренді. Және де официанттықтың міндеттерін, қонақты қалай күтіп, шығарып салуды үйренді. Маған бұл жер қызық болды және бұл жерге болашақта келемін деп айта аламын.

Мұндай жазғы лагерь қаладағы төрт колледжде ашылған. Оқытушылардың айтуынша, жұмысшы мамандар қашанда сұранысқа ие. Ал жұмыс берушілер білікті мамандарды даярлау үшін тіпті олардың оқу ақысын төлеуге әзір.

Гүлби Әшірова, колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Жаңа оқу жылында әр студентте бөлінетін қаржы көлемі артады деп жоспарланып отыр. Бұрын 400-500 мың теңге көлемінде бөлінсе, енді 1 млн теңгеге дейін өседі. Бұл білімді әрі білікті мамандарды даярлауға бұл үлкен қолдау деп есептеймін.

Жаңа мамандықтар ашу жобасы өңір қажеттілігін ескере отырып жүзеге асырылған. Мысалы қазір аяқ киім жөндеу шебері, киім дизайнері, кинологтар жетіспейді. Сондай-ақ сүңгуірлер мен баристаларға сұраныс жоғары. Енді осы салаларға маман даярлау ісі қолға алынды.

Сәуле Татыбаева, мансап орталығының басшысы:

- Шымкентте жұмысшы мамандықтарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Әсіресе, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала мамандары керек. Дәнекерлеушілер мен сантехниктер ауадай қажет.

Жанар Қасымова, білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Салалық басқармалардан сұраныстың көп болуына байланысты колледждерде жаңа мамандықтар ашу туралы бастама көтерілді. Қазір қажетті лицензиялары алынды.

Қазір мегаполисте 40 колледж бар. Онда 50 мыңға тарта студент білім алып жатыр. Жаңа оқу жылында жұмысшы мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі де артады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов