35 жасында 12-сәбиін дүниеге әкелген маңғыстаулық келіншектің үкіметтен баспана сұрағаны қазақстандықтарға жақпай қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
7 мауысым күні перзентханадан шыққан Ақмоншақ Жақсылықова жылдан-жылға 2 бөлмелі үйінің тарлық етіп жатқанын айтты. Көпбалалы отбасы 2020 жылы мемлекет берген баспанада тұрып жатыр.
“2020 жылы осы екі бөлмелі пәтерді алдым. Алтыншы баламды босанған уақытымда алтын алқамен қоса берілді. Рақметімді айтамын. Енді осы алдағы уақытта күтіп отырғанымыз – балаларымның алды, міне, 14-ке келді. Өсіп келе жатыр. Соған қарай үш-төрт бөлме берсе деген үміттеміз. Сол — мақсатымыз", – деді көпбалалы ана Ақмоншақ Жақсылықова КТК арнасына берген сұхбатында.
Желі қолданушылар оның бұл өтініші орынсыз екенін айтып, сынап тастады.
“Мемлекет – ол біз. Біз жұмыс істеп, маңдай терімізбен тапқан ақшамыздың бір бөлігінен салық төлейміз. Сол салық есебінен “туғыш әйелдер” үй алады. Мен қарсымын”, “Ол он қыз туды. Олар да болашақта өзі секілді туып, қайыр тілейді”, “Интеллектісі төмен адамдардың балалары көп болады дегенге тағы көзім жетті”, “12 бала туардың алдында баспен ойлану керек”, “Жұмысқа тұрудың орнына 12 бала туады”, “Өзі үшін туды, өздері асырасын”, “Өздері үкімет берген 2 бөлмелі үйде тұрып жатыр”, – деп жазды желі қолданушылары.