Құжатта Израильдің Иранға қарсы шабуылын айыптайтын сөздер жазылмады.

G7 елдерінің көшбасшылары саммитте Израиль мен Иран қақтығысына қатысты ортақ шешімге келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Құжаттың мәтіні 16 маусым күні кешке жарияланды. Бірлескен мәлімдемеде Иран "аймақтағы тұрақсыздық пен терроризмнің негізгі көзі" деп көрсетілді.

Ал Израильдің өзін-өзі қорғауға құқығы бар деп нақты көрсетілген.

"G7 елдерінің көшбасшылары Иранның ешқандай жағдайда ядролық қаруға ие болмауы тиіс деген ұстанымдарын тағы да растады", – делінген құжатта.

Құжат Ақ үй Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты Трамптың Вашингтонға ерте қайтатынын жариялағаннан бірнеше сағат өткен соң пайда болды.

"Үлкен жетілік" құрамына АҚШ-тан басқа, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия және Жапония кіреді.

Айта кету керек, бұған дейін Трамп G7 саммитінен шұғыл кетіп қалғанын жазған болатынбыз. Ақ үй басшысы Тегераннан халықты тез арада кетуге шақырды. АҚШ Президенті Дональд Трамп франциялық әріптесі Эммануэль Макронның мәлімдемесін сынға алды.