Детройт қаласының 36 жастағы режиссёрі Майкл Зервос Гиннес кітабының жаңа рекордшысы атанды. Ол өзінің сапарын 2024 жылғы 18 қаңтарда бастап, 2025 жылғы 30 мамырда аяқтаған. Сөйтіп әлемнің барлық 195 елін 499 күн ішінде (алдыңғы рекордтан 55 күнге озған) аралап шыққан , деп жазады Egemen.kz.

Әр елде бір күн түнеген

Daily Mail мәліметінше, ол өзінің сапары үшін үйін сатып, алдымен Ресейге, одан кейін Түркияға, әрі қарай бүкіл Африка құрлығы, Таяу Шығыс, Қазақстан, Азия, Океания, Еуропа және Оңтүстік Америкаға сапар шеккен. Ол әр елде ең аз уақыт дегенде бір түнеп отырған.

«Мен елдерді тізімдеу үшін емес, түрлі адамдардың әңгімелерін тыңдап, рухын сезіну үшін сапарға шықтым», деп сұхбатында айтқан Майкл Зервос саяхаттап қана қоймай, әр елде жергілікті тұрғындарға: «Өміріңіздегі ең бақытты сәтіңіз қандай болды?» деген сұрақ қойып, видео да түсіріпті.

Саяхатшыға ұнаған үш мекен

Оған Тынық мұхитындағы Самоа аралы қатты ұнаған: «Бұл – жердегі жұмақ. То-Суа – табиғи су қоймасының сұлулығына ештеңе тең келмейді. Оның үстіне Самоа қаржы жағынан да қолжетімді» десе, Бутан – Гималай шекарасындағы буддистік корольдік оны терең мәдениетімен таңғалдырып: «Мұнда бәрі шынайы. Адамдар дәстүрмен өмір сүреді. Бұл өз жаныңды айнадан көргендей әсер етеді», деген, ал Лесото – «Аспан асты корольдігі» теңіз деңгейінен мың метр биіктікте орналасқан ел – ерекше табиғаты және қонақжайлылығымен есінде қалып: «Таулы қалаға көтерілу – басқа ғаламшарға өткендей», деп айтқан.

Солтүстік Кореяға да қайта барғысы келеді

Зервос тіпті Солтүстік Корея сияқты жабық елдерге де қайта барудан бас тартпайды. Ол бұл елге бес жылдық үзілістен кейін алғаш барған туристердің бірі болған.

«Ол жақта адамдар мені жатырқайды деп күткен едім, бірақ олар ашық мінезді болып шықты, дін, саясат және өмір туралы әңгіме айттық. Әрине, бәрі мінсіз емес. Бірақ мен мәселе адамдарда емес режимде екенін түсіндім», дейді рекорд иесі.

Аталған әлемдік сапары дүниетанымын түбегейлі өзгерткен Майкл Зервос қазіргі уақытта АҚШ-та «қалыпты өмірге» оралған.

Неліктен дәл 195 ел?

Бұл – халықаралық ұйымдардың көпшілігі мойындаған елдердің ресми саны. Оған БҰҰ-ның 193 мүшесі, сондай-ақ бақылаушы мәртебесіне ие Ватикан мен Палестина кіреді. Гиннестің рекордтар кітабы жаһандық жетістіктерді тіркеу кезінде дәл осы санды қолданады.