Барлық нысанның жалпы құны шамамен 50 миллион долларды құрайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов бельгиялық Sarens компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Людо Саренспен кездесу өткізді. Онда "Нұр жолы" өткізу бекетінің айналма жолын салу жоспарлары талқыланды. Ынтымақтастықты, оның ішінде машина жасау саласында кеңейту перспективалары қаралды.
"Жоба шекара маңы инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға және қолданыстағы көлік ағындарына жүктемені азайтуға бағытталған. Салмағы 100 тоннадан асатын ірі габаритті жүктерді өткізуге арналған ұзындығы 3,2 шақырым және ені 12 метр айналма жол салу, сондай-ақ ауданы 81,6 га көліктерге арналған тұрақтар салу жоспарланып отыр. Қосымша автожол көпірін салу, тиісті инфрақұрылымды орнату қарастырылған. Барлық нысан компанияның жеке инвестициялары есебінен салынады, оның жалпы құны шамамен 50 миллион долларды құрайды", – делінген премьер-министр сайтында.
Кездесу соңында тараптар айналма жол салу жобасын жүзеге асыруға өзара мүдделілігін жеткізіп, ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендерін білдірді.
Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдарға жобаны уақтылы жүзеге асыру үшін қажетті көмек көрсетуді тапсырды.