Талдықорған қаласында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ киносының онкүндігі» мәдени жобасы басталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, әс-шараның ашылу салтанаты І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Жоба аясында халқымыздың даңқты ұлы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолы мен жарқын жетістіктері көркем бейнеленген «Қажымұқан» фильмі ұсынылды. Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.

Кино күндері аясында әртүрлі жанрдағы фильмдер көрсетіледі. Көрнекті тұлғалардың жүріп өткен жолын бейнелейтін «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан» фильмдері, отанға деген сүйіспеншілікті пен әскери қызметкерлердің өмірін баяндайтын «Набат операциясы», «Патриоттар уақыты» туындылары көрерменге жол тартады. Сонымен қатар дәстүр мен ұлт болмысын ашып көрсететін «Бауырына салу» фильмі де көрсетіледі.

Бұған дейін мұндай көрсетілімдер Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында өткен болатын.