Тұрғындар жәндіктермен өз бетінше күресіп жатыр.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында қара қоңыз қаптады. Жыбырлаған жәндіктер саябақ пен көшелерді қойып, үйлердің ішіне дейін кіріп алған. Түн ұйқысы төрт бөлінген тұрғындар зиянкестермен күресіп әлек. Бірақ улаған сайын қоңыздар керісінше көбейіп, жұрттың дегбірі қашқан. Амалы таусылған халық жергілікті биліктен көмек сұрайды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Бейнеу, Ақжігіт, Боранқұл, Сарға ауылдарында бес күннен бері дәл осындай көрініс. Көшелер мен саябақты жайлаған қара қоңыздан аяқ алып жүру мүмкін емес. Топтасып ұшатын зиянкестерден тұрғындар әбден зәрезап болғандарын айтады.

"Осы балалардың құлақтарына кіріп, шағып ала ма деп немерелерімді Ақтауға қыдыртып жібердім. Қайта-қайта өлтіріп жатырмыз, өлтірген сайын көбейіп жатыр. Кеше де бір жаңбыр себеледі, содан кейін пайда болды осы. Түнге қарай ұйқы жоқ қой, 5 күн болды ма?!" – деді Бейнеу ауылының тұрғыны Бақыт Тілеумұратова.

Үйлердің ауласында да жыбырлаған, үймелеген жәндік көп. Тіпті, қоңыздар құдықтарға дейін түсіп, ауыз суды ластап жатыр дейді жұрт. Шенеуніктерден қайран болмаған соң, тұрғындар жәндіктермен өз бетінше күресуге кіріскен.

"Келіп тексеріп жатқан адам жоқ. Улап жатқан ешкім жоқ. Құдықтың ішіне кіріп кетіп тұр. Ауыз суымызға да кіріп кетеді. Қоңыздан біз су да іше алмай отырмыз", – деді Сарға ауылының тұрғыны Нәубет Бекқалиұлы.

"Кешке қарай бастайды, қоршаудың іші толып кетеді. Үйдің төбесі шытырлап жатады. Жатқызбайды түнімен. Қалай өлтіретінімізді таба алмай жатырмыз. Көршілердің бәрі сонымен арпалысып жатыр", – деді Бейнеу ауылының тұрғыны Кенжеғұл Әбілшеев.

Жауапты мамандар жәндіктің бұл түрін сараптамаға жіберіп, адамға қаупі жоғын анықтапты. Ал залалсыздандыру жұмыстарына бюджеттен қаражат бөлінбейтінін ашық айтты.

"Бұл – табиғи құбылыс. Табиғи құбылысқа ешкім ештеңе істей алмайды. Бірақ бұл қоңызды зерттеп жатырмыз, лабораторияға жіберіп, анық-қанығын біліп жатырмыз – карантиндік пе, жоқ па? Белгілі болғаннан кейін жауабын береміз", – деді Бейнеу аудандық фитосанитария бөлімінің басшысы Дастан Мұқанов.

Аумақтық инспекция өкілдері көпшілікті залалсыздандыру жұмыстарын ақылы жүргізетін компанияларға жүгінуге кеңес берді.