Алматыда автотұрақ аймақтарындағы заңсыз салынған нысандар мен жерді заңсыз басып алғандарды анықтау жұмыстары жалғасуда. «Алматы паркинг» КМК мәлімдегендей, ірі сауда орталықтарының автотұрақтарындағы көптеген сауда нысандары еш рұқсатсыз салынған, деп жазады Egemen.kz.

Мониторинг барысында мұндай нысандарда заңсыз сауда жүргізілгені, халық көп жиналатын сауда орындарындағы автотұрақ нысандарында адам өміріне қауіп төндіретін газ баллондарының болғаны анықталды. Ал бұл көлік тұрағы кеңістігін пайдалану шартына қайшы.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімі негізінде «Адем» сауда орталығының алдындағы автотұрақта орналасқан 30 заңсыз құрылым бұзылды. Сондай-ақ, сот «Ялян» сауда орталығында осыған ұқсас 37 сауда нүктесін алып тастау туралы қаулы шығарды. Сот орындаушылары шешімнің негізінде нысанды бұзу жұмыстарын бастаған. «Алматы паркинг» КМК мұндай шаралар тұрақ аймақтарын заңсыз салынған нысандардан арылтып, қауіпсіздікті күшейтетінін әрі автотұрақ кеңістігін ретке келтіретінін түсіндірді.

Автотұрақтардағы заңсыз сауда нысандарын анықтау мен жою жұмыстары жалғаса бермек. Жауапты мамандар тұрғындар мен бизнес өкілдерін автотұрақтарды пайдалану ережесін қатаң сақтауға шақырды.