Құзырлы орган Қорғаныс министрлігіне ұсыныс тастады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді әскерге күшпен алып кетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біздің тарапымыздан реакция болды. Біріншіден, жақында Назарбаев университетінің бір студентін военкоматқа алып кетті. Заңға сәйкес, бұл жерде заң сақталып тұр. Бірақ біздің жоғары оқу орындарында қабылдау мерзімі Қорғаныс министрлігінің әскери мерзімдерімен сәйкес келмейді. Себебі Назарбаев университеті студенттерді қабылдау туралы шешімді шілдеде, тамызда жариялайды. Ал, ол студент мәртебесіне ілінбесе, онда Қорғаныс министрі оны әкетуге құқылы", – деді министр Мәжіліс кулуарында.

Сөзінше, құзырлы орган Қорғаныс министрлігіне мерзімдерді сәйкестендіру бойынша ұсыныс тастаған.

"Студенттер нәтижелерін күту керек. Мәселен, ҰБТ 7 шілдеге дейін болады. Ал нәтижесі шілденің соңына қарай шығады", – деді Саясат Нұрбек.