Енді легионерлерге республикалық бюджеттен бір тиын да берілмейді.

Командалық спорт түрлеріндегі клубтарға, қаражат лимиті айлық есептік көрсеткішке байланысты бекітіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қаржы бөлінетін кезде елдегі инфляция бағамы ескеріледі. Дене шынықтыру және спорт саласын реформалауға бағытталған жаңа заң күшіне енді. Бұдан бөлек 60-тан астам спорт түріне басымдық беріледі. Жоспар бойынша соның тең жартысы барлық өңірде дамиды. Арасында Олимпиада, Паралимпиада, Сурдолимпиада, Азия және Пара Азия ойындары бағдарламасына енген, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері кіреді. Спорт федерацияларына да талап күшейеді. Бірлестіктер ұлттық аккредиттеуден өтуі керек.

Пара атлеттер, оның ішінде І топтағы мүгедектігі бар спортшылардың сүйемелдеушілері заңмен қорғалады. Ал спорт ұйымдарының басшыларына 5 жыл сайын ротация жасалатын болады. Туризм және спорт министрлігінің өкілдері заңға енгізілген түзетулерді іске асыруға кірістік деп хабарлады.