Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Тергеу деректеріне сәйкес, Ақтау қаласының тұрғылықты ерлі-зайыпты азаматтары Instagram, TikTok және Telegram әлеуметтік желілерінде 850 мыңнан астам жазылушысы бола тұра, лотерея операторы ретінде тіркелмегеніне қарамастан, ірі көлемдегі онлайн-лотереялар ұйымдастырған.
Олар пәтер, автокөлік және өзге де бағалы жүлделерді ұтысқа қойған. Қатысушылар 500 теңгеден 50 000 теңгеге дейінгі аралықта билеттер (цифрлық нөмірлер) сатып алған. Жалпы 1 800-ден астам азамат аталмыш лотереяларға қатысқаны анықталған.
Алынған дәлелдерге сәйкес, заңсыз қызмет нәтижесінде келген қылмыстық табыс көлемі 162 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта күдіктілердің мүлкі мен банктік шоттарына тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Қаржылық мониторинг таратқан ақпараттағы видеода күдіктінің әнші Абай Бегейдің қызы екенін байқауға болады. Бұған дейін әлеуметтік желіде белгілі заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әнші Абай Бегейдің қыздары ұйымдастырып жүрген лотереяға қарсы шықты.
Заң саласының маманы танымал блогерлердің ісі құзырлы органдарға жолданғанын мысал ретінде алға тартты.
Еркенің еркелігін қара халық көтере бере ме екен?! Бұл бойжеткеннің заңсыз лотерея ұйымдастыруы бойынша тиісті құзырлы органдарға арызы жолданды. Жақында шақыртуы жетіп қалады. Біріншіден, бұл – заңға қайшы. Екіншіден моральдық тұрғыда ұят болу керек. «100-200 теңге жерге де түсіп қалып жатыр» деп елді алдау – өте төмен тірлік. Мыңдаған адам ақша аударған жерде арнайы автоматтандырылған жүйе болмаған соң, берекетсіз дүние орын алып жатыр екен. 1000 адам қатысып 5 адамға ұтыс беру – таза алдау. Оған қоса, бұл құйтырқылықты қайырымдылықпен жабу қаншалықты иман шартына сай?! Бұл жолда ары таза ұстаздарды контентке пайдалану қаншалықты дұрыс? Бұл ескертуге құлақ аспаса мәселені экономикалық қылмыстармен айналысатын құзырлы органдар мен салық қызметіне жолдайтын боламыз. Әзірге 100МРП айыппұл төлеп қоя салғандарыңыз дұрыс.
Ұялмайтын бетке, талмайтын жақ береді деген. Ерегесіп тағы да жарнама жасап жатқандары мені емес, халықты мазақ еткені. Халықпен ойнамаңыздар! Абай мырза, қажылық пен қайырымдылықпен ақтап аламыз деп ойлайсыздар ма?, – деп күйінді заңгер.