Оның айтуынша, қарапайым ескерту мен ұсыныс партияның тарапынан теріс қабылданған.
Жамбыл облыстық мәслихатының экс-депутаты Дамир Ташқараев "Аманат" партиясының аймақтық филиалы өз ұстанымымды білдіргенім үшін депутаттық мандаттан айырды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мәселе сессия барысында облыс әкіміне сұрақ қойғанынан басталған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық агенттігі.
"Жамбыл облысындағы "Аманат" партиясы филиалының төрағасы маған "сен әкімге сұрақ қойғаныңды хайп деп ойлаймын" деді. Егер бұл партияның ресми ұстанымы болса, оны орталық аппарат ашық айтсын. Бірақ, олай емес екені айдан анық. Мен сессияда уақытты үнемдеу жөнінде ұсыныс жасадым. Облыс әкімі кешірім сұрап, отырыс жалғаса берді. Кейін Тараз қаласына 14 елдімекен қосылғаны белгілі. Сол мәселеге қатысты кезекпен сұрақ қойған едім", – деді экс-депутат Дамир Ташқараев.
Оқи отырыңыз: "Үш күнде 19 рет қол көтерген". Астанада балабақша қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Оның айтуынша, қарапайым ескерту мен ұсыныс партияның тарапынан теріс қабылданған. Депутат сессияда айтқан сөзін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған. Сол жазбадан кейін облыстық мәслихат тарапынан оның үстінен "Аманат" партиясына шағым хат жіберілген.
"Бір ғана хат түсті. Мәслихат хатшысы "Аманат" партиясына жолдаған. Еш дәлел, нақты дәйек келтірілместен, сол хат негізінде шешім қабылданып отыр", – деді Ташқараев.
Экс-депутат бұл шешіммен келіспейтінін айтып, партия филиалының басшысын сотқа бермек.
Алайда әзірге "Аманат" партиясының облыстағы өкілдері нақты қандай тәртіп бұзушылық болғанын ресми түрде түсіндірген жоқ. Облыстық мәслихат хатшысы да мәселе сотта қаралып жатқандықтан, ешқандай түсініктеме бере алмайтындарын айтты.
Осылайша әкім мен депутат арасындағы пікір алмасу дауға ұласып отыр. Қоғамда "әкімге сұрақ қою – хайп па, айып па?" деген мәселе қайта көтерілуі бек мүмкін. Бұл сұрақтың жауабы сот процесінен кейін анықталмақ.
Оқи отырыңыз: Ақшасын толық төлеп, кірпішсіз қалған: Қызылордада тұрғындар зауыт иесіне шағымданды