Нұрлан Жолболов есімді адвокат Атырау халқының түрлі улы газдарға тұншығып жатқанын мәлімдеді.

Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Желіде екі күн ішінде 700 мыңға жуық қаралым жинаған видеоның пікір бөліміне атыраулықтар мәселені ашық көтерген авторды қолдайтындарын жазуда.

Видео авторының айтуынша, Атырау облысының экологиялық ахуалы адам төзгісіз деңгейге жеткен.

”Неге Атырау тұншығып жатқанда облыс әкімі Шапкенов әлі күнге дейін орнында отыр? Күн сайын Атырау қаласының үстіне күкіртсутек, аммиак, бензол және басқа да улы заттардан тұратын улы “коктейль” төгіледі. Енді оған қоса күйе иісі әр тұрғынның ұйқысын “серік” етеді. Атыраудағы мыңдаған отбасы түнде терезесін жауып, сіздердің “өндірістік сергектеріңізді” иіскемес үшін шара қолданады. Ал әкім Шапкенов болса, мүлде көрінбейді, үнсіз, бейне бір көзге көрінбейтін қалпақ киіп алғандай. Мен ойлаймын, сіз де біз сияқты тұншығып жүрсіз бе? Жоқ әлде тек өз бюрократияңыз бен немұрайлығыңыздан тұншығып жүрсіз бе? Халық сізді аймақ басшысы емес, “тұманның баспасөз хатшысы” деп айтатынына ұялмайсыз ба? Атыраудың экологиясы онсыз да ондаған жылдар бойы нашарлап келді. Бірақ дәл сіз әкім болып тұрған кезде ол апат деңгейіне жетті. Сандық көрсеткіштер алдамайды. Қазгидромет деректеріне сүйенсек, 2024 жылы Атырауда күкіртсутектің шекті рұқсат етілген мөлшері 4-6 есеге асып кеткен. Балалардың тыныс алу жолдары бойынша сыртқаттану деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 2 есе жоғары. Жайық өзеніндегі тұщы су көлемі апат шегіне жетті. ТШО, АНПЗ, ҚазМұнайГаз және басқа да кәсіпорындардың апаттары мен шығарындылары ай сайын тіркеліп отыр. Неге шұғыл шаралар қолданылмай жатыр? Неге өндіріс орындары атымен аталмайды? Неге кінәлілер жазаланбайды? Бұл — сіздің тікелей міндетіңіз! “Қоршаған ортаны қорғау туралы” заңның 13 бабында былай делінген: “Әрбір азаматтың қолайлы қоршаған ортада өмір сүруге құқығы бар”. Ал сол ортаны қамтамасыз ету облыс әкімі ретінде сіздің міндетіңіз”, — дейді ол.

Сондай-ақ, автор Атырау облысында қасақана қойылған өрттердің айқын дәлелі бар екенін де жасырмады.

”Неге Атырауда қамыс жанып жатыр? Сіз бұны да білмейсіз бе? Сіз бәрін аптап ыстыққа, қатты желге жаба бересіз. Бірақ соның өзінде де сіз барлық қажетті шараларды қабылдауыңыз керек еді. Ал шындық мүлде басқа жақта. Қамыс 10-15 шақырымға дейін жолақ-жолақ күйіп жатқан жоқ, өрттің қасақана қойылғанына айқын дәлелдер бар. Халық алаңдаулы. Олар бұл — броконьерлер мен балық қорғау полициясы арасындағы есеп айырысу ма деп күмәнданады. Осының анық-қанығын сіз анықтауыңыз керек. Бірақ сіз мұны да істей алмайсыз. Облыс әкімі не істеу керек екенін білесіз бе өзі? Білмесеңіз, мен айтайын. Табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялауыңыз керек. Өйткені ауқымы мен қаупі соған сәйкес келеді. ТЖМ-ге, ІІМ-ге, табиғатты қорғау прокуратурасына жүгінуіңіз керек. Бұл өрттер бойынша ашық түрде тергеу жүргізуді талап етіп, кінәлілердің атын атауыңыз қажет. Дрондар арқылы дельта мен жағалауларды бақылауды бастау, балық қорғау саласын қайта қарау және алдын алу жүйесін модернизациялау керек. Ал сіз не істеп отырсыз? Дәстүрлі үнсіздіктесіз. Бәрін табиғатқа жаба салып, Атырауда емес, басқа жерде жүргендей күй кешесіз. Көптеген беделді әкімдер біздің жинаған ақшамызды алып өз аймағында өзендер мен көлдер жасап, инфрақұрылымды дамытып өмір сүріп жатыр. Ал, біз өліп барамыз. Сөйте тұра, бәрін асырап отырмыз”, — дейді ол.

Желі қолданушылары мен атыраулықтар бірауыздан авторды қолдайтындарын жазуда.

”Облыс әкімі халық алдында жауап беру керек”, “Жан айқайымызды жеткізетін біреу бар екен ғой, енді еститін құлақ болса…”, “Өзімізді қойшы, балаларымыз тұншығып жатыр. Не сыртта жүре алмаймыз, не үйде терезе аша алмаймыз”, “Өңешім иістен күйіп бара жатыр. Тозып біттік қой”, — деп жазды олар.

Айта кету керек, kursiv.media жариялаған ақпаратқа сенсек, Атыраудан 37 шақырым жерде қамыс өртеніп жатыр. Тілсіз жау 7 гектарға жайылған.

Өртті сөндіруге ТЖМ мен табиғи резерваттың барлық күші мен құралы тартылды. Жұмыс басталғалы бері авиация өрт ошақтарына әуеден 33 рет су төкті.