Биыл Есіл ауданында 5 миллиард теңгеден асатын 10 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Аудан басшысы Серік Балжанов жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауға барынша күш салатынын айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жалғасын тауып келеді. Бұл күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Қазіргі уақытта екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын тұр. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарға арналған 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Аталған нысан желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Мұнан өзге "Энергетик" спорт кешенінің күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталуға таяу. Мәдениет мекемелерін жаңарту да жалғасын табуда.

Биыл Есіл ауданында жалпы сомасы 5 миллиард теңгеден асатын 10 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

– Әр жобаның нақты жоспары, мерзімі және жауапты орындаушылары бар. Біз белгіленген мақсаттардан ауытқымаймыз. Ең бастысы – жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау, – деді Серік Мырзасейітұлы.

Қазіргі уақытта, жылдың алғашқы бес айының қорытындысымен аудан экономикасы негізгі салаларда тұрақты өсімді сақтап отыр. Мұны аудан басшысы өз баяндамасында айтып өтті. Әкімдік тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бағыттарға басымдық беруді қолға алған.

– Есіл ауданы осылайша инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы қатар дамыта отырып, ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылықты азайтуға, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жүргізіп келеді, – деп сөзін қорытындылады аудан әкімі.

Сондай-ақ, Серік Балжанов халықтың нақты қажеттілігіне сай заманауи аудан құрып жатқанын алға тартты.