9 жастағы қыз бен 38 жастағы ер адамның өмірін қиған Ақтөбе облысындағы қайғылы оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін мектеп оқушысы ойын кезінде құдыққа құлап кеткені, көршісі оны құтқаруға тырысқаны туралы хабарланды.

38 жастағы Нұрбол Бердіғалиев – күрес жаттықтырушысы және алты баланың әкесі, ол құдыққа құлаған қызға көмекке асыққан. Ер адам құдыққа түскен, бірақ қайта шыға алмаған. Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпеновтің айтуынша, екеуінің де өлімінің алдын ала себебі — газдан улану.

"Бұл — екі отбасы пайдаланған ескі құдық. Беті ағаш тақтайшалармен жабылған. Ойын кезінде үш бала құдық маңына тығылып, қыз құлап кеткен. Тереңдігі — шамамен 10 метр. Құдық ұзақ уақыт бойы пайдаланылмаған, ішіне қоқыс тасталған. Көршісі Нұрбол Бердіғалиев көмекке асығып, төменге түскен, бірақ түбінде газдан уланған. Кейін екі мәйітті де құтқарушылар шығарып алды", — деп түсіндірді аудан басшысы.

Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, олар жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін жан тапсырған. Полиция департаменті жазатайым оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Марқұм Нұрбол Бердіғалиев Байғанин балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істеген.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget