Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров саланың дамуы жайында кеңірек айтып берді.

«Бүгінде елорда аумағында 254 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 8,3%-ға артқанын көрсетіп отыр. Өткен жылы қала экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 68,2% немесе 10 563,8 млрд теңге, ел бойынша 1 орындамыз. Шағын және орта бизнесте 528 мың адам жұмыс істейді, бұл қаланың еңбекке қабілетті халқының 73%-ы», – деді Қуаныш Сапаров Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, елордада өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері 15,8 трлн теңгеге тауар өндіріп, қызмет көрсеткен.

«Бұл республика бойынша өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің 19%. Сонымен қатар былтыр ШОБ субъектілері 1 300,7 млрд теңге салық және өзге де төлемдер жасады. Аталған сома жалпы түсімнің 45,9%. Аталған көрсеткіштерге мемлекеттік қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларының арқасында қол жетті. Жыл басынан бері жергілікті бюджеттен бизнеске қолдау көрсету үшін 9 345 млн теңге бөлінді», – дейді ол.