Атырау облысында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өртпен күрес жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Мұндай жағдайда жалынды оқшаулаудың ең тиімді әдістерінің бірі — минералды бөгет жолағын жасау, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, өрттің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында 50 шақырымға жуық қорғаныс жолағы жыртылды.

Өртенген аумақта 10 техника жұмыс істеуде, тағы 10 техника жолда. Барлығы 130 адам мен 35 техника өртті сөндіру жұмыстарына жұмылдырылды. Барлық іс-шара тәулік бойы Төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылықтары және резерват әкімшілігі қызметтерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Бөгет жолақтарын жасау және өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жағдай толық тұрақталғанға дейін жалғаспақ.

Айта кетсек, минералды жолақ – өсімдік қалдықтары мен шымтезектен толық тазартылып, арнайы техникалармен жыртылған жер жолағы. Жанғыш материалдардан ада болғандықтан мұндай жолақтар оттың таралуына табиғи тосқауыл саналады. Әсіресе, шымтезек өрті кезінде минералды жолақтардың маңызы зор. Себебі жалын топырақтың астындағы қабаттарда байқалмай таралуы мүмкін. Бөгет ретінде салынған бұл жолақтар өрт ошақтарын дер кезінде оқшаулауға және жалынның жаңа аумақтарға жайылуына жол бермеуге жағдай жасайды.