Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамытып, органикалық өнім көлемін арттыру керек. Себебі ауылшаруашылық жерлері құнарсызданып, жарамсыз болып барады. Статистикаға жүгінсек, бүгінде 90 миллион гектар аумақ деградацияға ұшыраған. Бұл несібесін жерден тапқан шаруалар үшін өте өзекті. Осы мәселені шешу жолдары Алматы облысында өткен «Егінжай күнінде» қарастырылды.
Көміртекті егіншіліктің басты мақсаты –жердің құнарын арттырып, атмосферадағы көмірқышқыл газын азайту. Ол үшін соқаны терең салмай, өсімдік қалдықтарын, көңді және басқа да органикалық заттарды топырақта сақтау керек. Бір дақылды бір жерге еге беруге болмайды. Бастаманы Алматы облысының әкімі құптап отыр. Мысалы, облыстағы 50 мың гектар егістік су үнемдеу технологиясына көшкен. «Енді өзге де алқапқа электр желісін тартып, тұрақты энергиямен қамтамасыз ету керек», – дейді әкім.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Су жүйелерін қайтадан қалыптастыру керек. Ирригация жүйелері бойынша жұмысты бастадық. Қазіргі күні мынау Су ресурстары және ирригация министрлігімен, Ислам даму банкімен, кейін мынау «Ситик» компаниясымен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз. Ең басты осы ирригация мен электр жүйелері деген екі проблема шешілсе, сол кезде су үнемдеу технологияларын кеңінен таратуға мүмкіндіктер болады.
Ғалымдар 2030 жылға дейін парник газдың көлемін 15% азайтып, органикалық өнім көлемін 25% көбейтпек. Ол үшін арнайы тұжырымдама қабылданып, ғылыми және технологиялық база жасақталады.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
- Карбондық егіншілік – бұл еліміздің, ауыл шаруашылығының болашағы. Бірақ болашақ туралы қазірден бастап ойлануымыз керек, соған жұмыс істеуіміз керек. Соған байланысты ҰҒА төрт бағытты қазір анықтап отыр. Бірінші бағыт – бұл ғылым. Біз қазір арнайы мегагрант дайындадық. Мегагрантта сол карбондық егіншіліктің негізін бәрін реттейміз.
Топырақтың деградациясына қарсы күрес, зиянды қалдықтарды азайту, органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту – бұл еліміздің стратегиялық жолы.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев