Зейнеткер сол қаражатқа шипажайға барып, ем қабылдауды жоспарлаған.

Петропавл қаласының 72 жастағы тұрғыны үш ай бойы зейнетақысын ала алмаған. Мүгедектігі бар қария төлемнің не себепті тоқтап қалғанын түсіне алмай дал болса, қызы жоспарлаған шипажайдағы ем шарасы кейінге қалды деп налиды. Мамандар мұндай жағдай еліміздің басқа өңірлерінде де кездесетінін айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық агенттігі.

Сырқатына байланысты үйден сирек шығатын зейнеткердің қызы Ирина Панфилова анасының ақшасы банк картасына түсіп жатыр деп ойлап, оған қол тимеген. Сол қаражатқа шипажайға барып, ем қабылдауды жоспарлаған. Алайда жолға шығайын деп жатқанда шотында ешқандай қаражат жоқ екенін анықтап, аңтарылып қалған.

"Бізге банк кінәлі дейді. Үш ай бұрын олар әлеуметтік бағдарламалар бөліміне желтоқсан айынан бастап есепшотта ешқандай қозғалыс болмағанын хабарлапты. Бірақ бізге ешкім алдын ала ескерткен жоқ. Мұндай жағдай болатынын білмедік те", – деді зейнеткердің қызы Ирина Панфилова.


Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында екпе салдыруға келген азамат көз жұмды: туыстары әділдік іздейді


Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің мамандары бұл – заң аясында қабылданған шара екенін айтады. Яғни, зейнеткер шотынан ұзақ уақыт бойы ақша шешілмесе, төлем автоматты түрде тоқтатылуы мүмкін.

"Егер зейнеткер шотынан ұзақ уақыт бойы қаражат алмайтын болса, бізге арнайы өтініш тапсыруы керек. Бұл жағдайда біз зейнетақыны уақытша тоқтата тұрамыз. Ақпарат екінші деңгейлі банктерден алынады. Қазір зейнеткерге жаңа шот ашып, төлемді қалпына келтіру қажет", – деді Петропавл қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Адай Қарағожин.

Заңгерлер не дейді?

Заңгерлердің пікірінше, мұндай жағдайда әлеуметтік органдар зейнеткердің жағдайын өздері тексеріп, оны тірі екенін анықтау үшін әрекет етуі керек.

"Мемлекеттік органдар зейнеткердің немесе туыстарының тірі екенін, ешқайда көшіп кетпегенін растауы қажет. Содан кейін ғана төлем тоқтату сияқты шаралар қолданылуы тиіс. Сонымен қатар, банк қызметкерлері де төлем уақытша тоқтатылғанын дұрыс түсіндіріп, оны қайта қалпына келтіруге болатынын айтып отыруы қажет", – деді заңгер Олег Хрупин.

Оның айтуынша, мұндай жағдайға тек бір отбасы ғана емес, еліміздің өзге аймақтарындағы көптеген зейнеткерлер тап болуы мүмкін. Бұған себеп – жеткілікті деңгейде ақпарат берілмеуі.


Оқи отырыңыз: Табыс 162 млн теңгеден асқан: Ақтауда заңсыз лоторея ойнатты деген күдікпен ерлі-зайыпты ұсталды


Мамандардың айтуынша, зейнетақы шотынан ұзақ уақыт бойы қаражат шешілмеген жағдайда, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімшесіне арнайы өтініш беру керек. Ал мұндай жағдайға тап болған зейнеткерлер мен олардың туыстары банкке барып, есепшотты тексеріп, қажет болса жаңасын ашқаны жөн.