Қаржы мониторингі агенттігінің ШҚО бойынша департаменті мемлекет қатысатын үлесті заңсыз иеліктен шығару фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын "Технопарк "Алтай" ЖШС-дағы 100% үлес, 8 мың шаршы метрлік ғимарат пен 1,3 га жер телімі қайтарылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті – елдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет металлургия, машина жасау, энергетика, медициналық техника және басқа да салалар үшін мамандар даярлаумен айналысады. Оның құрамында 17 ғылыми орталық, зертхана және ғылыми-өндірістік алаң жұмыс істейді.

Алайда, 2018-2020 жылдары университеттің бұрынғы басшылығы "Технопарк "Алтай" ЖШС-ның жарғылық капиталындағы 78% мемлекеттік мажоритарлық үлесті заңсыз түрде жекеменшікке өткізген.

Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау аясында университетке жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын "Технопарк "Алтай" ЖШС-дағы 100% үлес, 8 мың шаршы метрлік ғимарат пен 1,3 га жер телімі қайтарылды.

Қайтарылған активтер зертханалық және оқу базаларын орналастыруға, сондай-ақ травматология, ортопедия және онкологиялық протездеуге арналған медициналық өнімдер шығаратын инновациялық кластерді дамытуға пайдаланылатын болады.