Көші-қон қызметі құжатсыз өмір сүрген 1964 жылы туған әйелге Қазақстан азаматтығын қалпына келтіруге көмектесті.

Алматыда 20 жыл бойы құжатсыз жүрген әйелге жеке куәлік табысталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция мәліметінше, ол Қазақстан аумағында кейінгі 20 жыл бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүріп келген. Құжатсыз қалуына – кеңестік кезеңде берілген, 1974 жылғы үлгідегі төлқұжаттың жоғалуы себеп болған.

Бұл жағдай әйелдің әлеуметтік жағдайына да кері әсерін тигізген. Ол зейнетақы рәсімдей алмады, заңды баспанасы болмай, өмірін тұрақсыз жағдайда өткізуге мәжбүр болған. Алайда көші-қон қызметі мамандары бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Қызметкерлер қажет анықтамаларды жинауға көмектесіп, барлық рәсімдеу процесін мұқият бақылауға алып, нәтижесінде әйел Қазақстан Республикасының азаматы ретінде ресми түрде танылып, жеке куәлікпен құжатталды.


Оқи отырыңыз: Астанада ер адам әйелін пышақтап, өзі 25-қабаттан секіріп кеткен


"Біз мұндай жағдайларды тек қызметтік міндет ретінде емес, ең алдымен, адами тұрғыдан қабылдаймыз. Әрбір құжатсыз қалған адамның артында – тағдыр жатыр. Біздің басты парызымыз – сол азаматтың заңды құқықтарын қалпына келтіріп, мемлекет тарапынан қорғалатынын сезіндіру", – деді Алматы қалалық көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.

Қазіргі таңда құжат алған әйелге зейнетақы мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді рәсімдеуге қажетті көмек көрсетіліп жатыр.