2025 жылдың мамыр айында Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғаш болып NVIDIA H200 негізіндегі суперкомпьютерлік кластерді іске қосты. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Baq.kz YouTube-каналына берген сұхбатында айтты.

Суперкомпьютер Алматы қаласындағы Tier III деңгейіндегі деректер орталығында орналасқан және FP8 форматында 2 экзафлопсқа дейін есептеу қуатына ие. Бұл өңірдегі ең қуатты ЖИ инфрақұрылымы болып саналады және Қазақстанның цифрлық егемендігі мен технологиялық дербестігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

«Бұл суперкомпьютер – Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы ұлттық экожүйесін қалыптастырудағы шешуші қадам. Ол тек ғылыми зерттеулер үшін емес, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, медицина, құрылыс, көлік және энергетика секілді түрлі салаларды цифрландыру үшін де қолданылады», – деді министр Мадиев.

Қандай міндеттерді шешуге арналған?

Министрдің мәлімдеуінше, суперкомпьютер келесі бағыттар бойынша қолданылады:

Үлкен тілдік модельдерді (LLM) оқыту және бейімдеу;

Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру (eGov AI, Qazaq Law, AI E-Otinish және т.б.);

Энергетика, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, көлік және құрылыс салаларын цифрландыру;

Медициналық диагностика және ғылыми модельдеу;

Ақылды қалалар мен цифрлық инфрақұрылымдарды басқару үшін ЖИ шешімдерін әзірлеу.

Суперкомпьютер Ұлттық жасанды интеллект платформасына (ҰЖІП) біріктіріледі. Бұл жүйе арқылы мемлекеттік органдар, университеттер, стартаптар мен IT-компаниялар қажетті есептеу ресурстарына, деректер жиынтықтарына және қазақстандық контекске бейімделген үлгілерге қол жеткізе алады.

Суперкомпьютер жобасы әлемдік деңгейдегі серіктестер — NVIDIA және Presight (G42) қатысуымен жүзеге асырылды. Жобаның маңыздылығы мен NVIDIA компаниясының жаһандық технологиялық рөлі туралы сараптамалық баға алу үшін біз Freedom Finance Global сарапшысы Алияр Акымғалиевтың пікірін сұрап көрдік. Сарапшы былай деп баға берді:

«NVIDIA – қазіргі таңда әлемдегі ең сұранысқа ие стратегиялық компаниялардың бірі. Олар шығаратын H100 және Blackwell чиптері жасанды интеллектке арналған инфрақұрылымның алтын стандартына айналды. Бұл чиптер деректерді өңдеу, модельдеу және автоматтандыру саласында теңдесі жоқ өнім болып отыр».

Оның айтуынша, бүгінде Microsoft, Amazon, OpenAI сияқты алыптардан бастап, көптеген үкіметтер де NVIDIA өнімдеріне тәуелді:

«NVIDIA тек жабдық жеткізуші емес — ол бүкіл ЖИ индустриясының өзегі. Қазіргі нарықтағы сұраныс ұсыныстан әлдеқайда жоғары. Бұл компанияны технологиялық көшбасшы ғана емес, нағыз стратегиялық активке айналдырып отыр», – дейді сарапшы.