Бірнеше күн бұрын біз LRT-нің алғашқы 2 вагоны рельске қойылғанын жазған едік.

Бұл жолы inbusiness.kz тілшісі Елорда тұрғындары көп күткен LRT пойызы жайлы тың әрі қызықты ақпараттармен бөліспек.

1. City Transportation Systems компаниясы бір құрамға жалпы 600-ден аса адам сиятынын (1 шаршы метрге 6 адам есебімен) айтады.

2. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бірінші және төртінші вагонда арнайы 2 орын қарастырылмақ және ыңғайлы арнайы тақтайша да қойылып отыр.

3. Бір өкініштісі, LRT пойыздарында Wi-Fi желісі болмайды. Оның басты себебі, бүкіл желі эстакада бойымен өтеді. Сонымен қатар, вагондарда USB-қуаттағыштар да жоқ.

4. Көпшілігіміз білетіндей, LRT пойыздары автоматты түрде басқарылады. Солай бола тұра, онда алдыңғы терезелердің қарын тазалайтын жұмысшы қызмет етпек. CTS компаниясы алдыңғы терезе астында пойыздарды автоматты басқаруға арналған камералар мен датчиктер бар екенін еске салады. Ол құрылғылардың дұрыс жұмыс істеуі үшін, көру аймағы таза болуы шарт.

5. Қыстыгүні бұрмалар мен рельс жолдарын мұз бен қар басып қалмауы үшін ерекше тәсіл қолданылады. Ол – электрлі үрлеу жүйесі. Мамандардың сөзінше, аталған жүйе заманауи метрополитен желілерінде және басқа елдердің LRT-сында тиімділігін дәлелдеп үлгерген.