Дубай әлемдегі ең таза қаланың бірі болғанымен, шет жақтарындағы жағдай әлі сын көтермейді, деп хабарлайды 24kz.
Тек туристер жүретін аумақта тәртіп қатаң. Ал жер жүзінен жиналған еңбек мигранттары қоныстанған аудандарда мәселе тым күрделі. Сондықтан жергілікті билік «Көше тазалаушымен 1 сағат» экологиялық акциясын қолға алған. Бастама қоқыс жинаушылардың еңбегін еш етпеуді және қала экологиясын жақсартуды көздейді. Көпшіліктің тазалық мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді. Яғни, мәселенің салдары емес, себебімен күресті күшейтуге арналған.
Рамеш Сагар, Дубай тұрғыны:
- Мен осы жердің тұрғынымын. Ауданымызды арнайы мекеме мамандары күн сайын тазалап кетеді. Алайда артынша-ақ көшемізді қоқыс басып қалады. Демек, мәселе үкіметте емес, бізде. Әркім өз ауласын және маңайын таза ұстап отырса, мұндайға жол берілмес еді.
Шербаз Сиагот, мемлекеттік мекеме қызметкері:
- Экобастамаға үлес қосқандардың бірімін. Дейрада көпшілік бұл іске көп мән бере бермейді. Темекі шегіп, тұқылын тастап кетеді. Тазалық мәдениеті толық қалыптаспаған. Тіпті кейбірі мына суға шомылып, түнде соның жағасына ұйықтай салады. Антисанитарлық талапқа сай емес асханаларды тағы қосыңыз. Үкімет бұл аумаққа ерекше көңіл бөлмесе болмайды.
Жалпы кейінгі бір жылда экоакцияға 7 мыңнан астам ерікті қатысып, қолдау білдірді. Бас-аяғы 7138 сағат уақытын көшені қоқыстан арылтуға жұмсады. Жергілікті билік тазалыққа немқұрайлы қарайтындар үшін айыппұл мөлшерін ұлғайтуды да жөн деп тапқан. Қазір белгіленбеген жерге қоқыс тастаған адам 500 дирхамнемесе 70 мың теңге айыппұл төлейді.