Ұлыбритания Израильдің Иранға жасаған шабуылынан басталған қақтығысқа байланысты өңірдегі қауіпсіздік жағдайының ушығуына орай өз елшілігінің қызметкерлерін Ираннан уақытша кері қайтарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Анадолы ақпарат агенттігінің жазуынша, Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі жариялаған жаңартылған туристік ескертуінде, Лондон Ираннан өз қызметкерлерін уақытша шығару туралы сақтық шараларын қабылдаған. Сондай-ақ, елшілік қашықтан жұмыс істеу режимінде қызметін жалғастыруға кіріскені белгілі болып отыр.
Бұдан бөлек, Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми әлеуметтік желі X парақшасында Израиль әуе кеңістігі ашылғаннан кейін, Тель-Авивтен Ұлыбритания азаматтарын эвакуациялау үшін чартерлік рейстер дайындалып жатқанын жеткізді.
Ол сондай-ақ Израильде жүрген Ұлыбритания азаматтарын өздерінің орналасқан жері туралы дереу хабарлауға және қажетті нұсқаулықтар алу үшін байланыс орнатуға шақырған.
13 маусым күні Израиль Иранның бірнеше қаласындағы ядролық нысандар мен жоғары әскери басшылықтың орналасқан жерлеріне кең ауқымды соққы берген болатын. Шабуыл салдарынан Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы, Ислам революциясы сақшылар корпусының бас қолбасшысы, бірнеше жоғары лауазымды әскери шенділер және ядролық зерттеулермен айналысқан тоғыз ирандық маман қаза тапты. Жалпы Иранда 13 маусым жұма күнінен бері кемінде 585 адам қаза тауып, 1300-ден астамы жараланғаны айтылуда.
Жауап ретінде Иран Израиль аумағына баллистикалық зымыранмен соққы жасады. Ресми деректерге сәйкес, бұл шабуылдан 24 адам қаза тауып, 500-ден астамы жараланған.