Tengrinews.kz редакциясына Алматы тұрғыны шағыммен жүгінді . Емхана меңгерушісінің орынбасары өлім туралы куәлікке қайтыс болған құрбысының орнына оның атын жазып жіберген, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аннаның айтуынша, 17 маусымда ол құрбысының өлім туралы куәлігін сенімхат арқылы алу үшін №14 қалалық емханаға барған. Алайда құжаттарды толтырған бөлім меңгерушісінің орынбасары өрескел қателік жіберіп, куәлікке Аннаның деректерін енгізген.
"Ол маған: "Уайымдамаңыз, бәрін дұрыстаймын" деді", – дейді әйел.
Бірақ 19 маусымда Аннаның барлық банк есепшоты бұғатталып, құжаттары жарамсыз деп танылды. Ол ресми түрде қайтыс болғандар тізімінде тұрған.
"Енді мен ештеңе істей алмаймын. Өз ақшамды да пайдалана алмаймын, көлік жүргізуге де құқым жоқ, себебі жүргізуші куәлігім жарамсыз – мен тірі болсам да, қағаз жүзінде өлгенмін", – дейді Анна.
Ол болған жағдайдан кейін емханадан еш көмек те, түсініктеме де алмағанын айтады.
Tengrinews.kz тілшісі бұл жағдайға байланысты Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан пікір білдіруін сұрады.
"Бұл оқиға бойынша Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру бастаған. Нәтижесіне қарай тиісті шара қабылданады", – деп хабарлады ведомство.
Ал №14 емхана өкілдері бұл жағдайды техникалық ақаулықпен және қызметкердің салғырттығымен байланыстырды.
"Тексеру барысында оқиғаның себебі – ТХР (Тіркелген халық регистрі) ақпарат жүйесіндегі техникалық ақау және бөлім меңгерушісі міндетін атқарған қызметкердің мұқият болмауы. Осы себептерден тұрғынға өлім туралы анықтама қате түрде берілген", – делінген емхананың мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, жауапты қызметкерге сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылғаны хабарланды.
"Қазір техникалық қателіктің салдарын жою үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр. Емхана әкімшілігі тиісті органдармен және сервистермен бірге азаматтың барлық құқығы мен құжаттарын қалпына келтіру бағытында жұмыс істеп жатыр", – деді емхана басшылығы.
Айта кетейік, мұндай жағдай Өскеменде де болған – ол кезде де әйелдің қайтыс болған анасы емес, өзі туралы куәлік жазылып кеткен. Соның кесірінен ол бөтен қалада ақшасыз қалып, үйге қайта алмаған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!