Облыс аумағында есірткі секілді әсер ететін " Трамадол " препаратына жалған рецептер жазып, оны заңсыз айналымға шығарған ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Топ мүшелерінің бәрі медицина саласының қызметкерлері болып шықты. Олардың қоймаларынан 170 мың дана таблетка тәркіленген.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сенсек, есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлардың заңды айналымына бақылау жүргізу бойынша алдын алу шарасы аясында 577 медицина мекемесі мен 132 өндірістік кәсіпорын тексерілген. Түркістан облысындағы қылмыстық топ осы тексеріс аясында әшкере болған.

"Тергеуден соң құрамында есірткі және психотроптық заттар бар 23 мың ампула мен 6 мың таблетка тәркіленді. 135 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналып, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жолданды. 380 мың тонна прекурсордың айналымына шектеу қойылып, 70-тен астам заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. 20 есірткіге қатысты қылмыс анықталды", – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.