Аталған ел билігі Дональд Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну себебі ретінде Пәкістан мен Үндістан арасында қарым-қатынасты реттеудегі рөлін алға тартқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгін X әлеуметтік желісінде Пәкістан үкіметі ресми мәлімдеме жасады.
"Өңірдегі шиеленіс күшейген сәтте президент Трамп Исламабад және Нью-Делимен белсенді дипломатиялық байланыс орнатып, стратегиялық ойлау қабілеті мен жоғары деңгейдегі мемлекеттік қасиеттерін көрсетті", – делінген хабарламада.
Мәлімдемеде айтылғандай, бұл әрекет қарулы қақтығыстың өршуін тежеуге, атысты тоқтатуға және ядролық державалар арасындағы кең ауқымды соғыстың алдын алуға мүмкіндік берді.
Пәкістан үкіметі Трамптың бұл араласуын шынайы бейбітшілік орнатуға деген ұмтылыс пен қақтығыстарды келіссөз арқылы шешуге деген талпыныстың дәлелі деп есептейді.
"Пәкістан үкіметі сондай-ақ президент Трамптың Үндістан мен Пәкістан арасындағы ұзақ жылдан бергі Джамму мен Кашмир мәселесін шешуге көмектесу туралы шынайы ұсыныстарын жоғары бағалайды", – делінген мәлімдемеде.
Трамптың 2025 жылы Пәкістан мен Үндістан арасындағы дағдарыстағы көшбасшылығы оның прагматикалық дипломатияға және тиімді бейбіт шешімдерге негізделген саясатының сабақтастығын көрсетеді. Исламабад АҚШ көшбасшысының бұл бастамалары Таяу Шығыстағы қазіргі дағдарыстар, соның ішінде Газадағы гуманитарлық апат пен Иран төңірегіндегі шиеленіс жағдайында бүкіл әлемдік тұрақтылыққа да үлес қосады деп үміт білдірді.
2025 жылғы 10 мамырда Ақ үй басшысы Үндістан мен Пәкістан "толық әрі дереу атысты тоқтатуға" келіскенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл келісім АҚШ-тың араағайындығымен жүзеге асқан.