Атырауда қарызын сұрағаны үшін тепкінің астында қалған ер адам ауыр халде жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Атырауда қарызын сұрап барған азаматты танысы бала-шағасының көзінше тепкілеп тастаған. Ауыр соққы алған науқас ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр. Ал полиция күдіктіні қамауға да алмаған.

Ауыр соққы алған науқас ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр. Атырау облысы ауруханасының алдында шарасыз күйде тұрған Анаргүл Муғзарова жолдасы Руслан Жолмағанбетов өмір мен өлім арасында жатқанын айтып жылады.

Оның айтуынша, мұндай жағдайға душар еткен бұрынғы жұмыстасы, яғни танысы екен. Қарыз алып, бірнеше ай хабарсыз кеткен соң, күйеуі оның үйінің маңынан ұстап алып, ақшасын қайтаруын сұраған. Алайда қарызға ақша алған Нұрлыбек Мусин деген танысы ай-шайға қарамастан, оны соққының астына алған көрінеді.

"Балаларының көзінше аяусыз соқты. Аса қатыгездікпен соқты. Мен сасқанымнан ана жерде видео түсіру түгілі, балаларымды машинаға отырғыза алмай қалдым. Әкелеп шырылдап жылағанда, жаман күйге түстім. Үлкен қызымның тірілдегі бар, кіші баламның жүрегі ауырады. Солар ауырып қала ма деп, машинаға отырғызып келгенше, жолдасымды аяусыз ұрып-соғып, сол жерге тастап кетіп тұр", — дейді жәбірленушінің әйелі Анаргүл Муғзарова.

Аяусыз таяқ жеген науқасқа жедел ота жасалған. Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

"Атырау облыстық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне ауыр жағдайда түсті. Өңеш жарақаты, медиастинит деген диагнозбен ауыр жағдайда түскен болатын. Ота жасалды, қазір аппаратпен демалып жатыр. Жағдайы өте ауыр", — дейді Атырау облысы ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Дархан Жақсылықов.

Туыстары 30 мың теңгеге бола, бала-шағасының көзінше тепкілеген 40 жастағы күдіктіні полиция қамауға да алмады деп ашынады. Кешірім сұрауға да жарамады деп отыр.

Ал полиция қылмыстық іс тіркелгенін айтқанымен, тергеу мүддесіне сәйкес, толық ақпарат бермейміз деп отыр.

"18 маусымда Атырау қаласында 85 жылғы ер адамды ұрып-соғу дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. 85 жылғы күдікті ұсталып, қазір одан жауап алынып жатыр. Жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сарапта тағайындалды. Соның нәтижесіне сәйкес процестік шешім шығарылады", — деп түсіндірді Атырау облысы ПД ресми өкілі Мейірім Ердәулет.

Жәбірленушінің әйелі құзырлы органдардан әділдікті талап етеді. Балаларының көз алдында әкесін ұрып, ессіз күйге түсірген күдікті жазасын алса дейді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget