Абай облысында ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр.

Бұл үрдістің айқын дәлелі ретінде Курчатов қаласындағы зерттеушілер ұсынған жаңа өнім – қатты ыстық пен суыққа төзімді электр сымдары ерекше назар аудартады. Курчатовтық ғалымдар әзірлеген кабельдер өте жоғары температурада тұтанбайды, ал қатты аязда морт сынбайды. Бұл еліміздің солтүстік өңірлері мен шет мемлекеттердегі қатал климаттық жағдайлар үшін таптырмас шешім. Жаңа өнім Семей қаласындағы зауытпен бірлесіп әзірленіп жатыр. Қазіргі таңда жоғары төзімді кабельдер Өзбекстанға экспортталуда. Алдағы уақытта отандық нарыққа да шығару жоспарланып отыр.

Аталған жоба 2022 жылы Курчатовтағы Ядролық технологиялар паркінде басталған еді. Кейін Семейдегі кабель шығаратын кәсіпорынмен бірлесіп жүзеге асырылды. Нәтижесінде ғалымдар беріктігі жоғары электр сымдарын жасап шығарды.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Кабельдің ыстыққа төзімді болуы радиациялық модификация әдісі арқылы жүзеге асады. Яғни оны арнайы құрылғыда сәулелендіреді. Сөйтіп, кабель қатты ыстыққа да, суыққа да төзімді болып шығады.

Мұндай кабельдердің өрт қауіпсіздігі жоғары. Лапылдаған отта тұтанып жанып кетпейді. Қатты ыстықта еріп кетуі мүмкін. Бірақ адам ағзасына зиянды газ бөлмейді.

Азат Нұрқасымов, "Ядролық технологиялар паркі" АҚ Инновациялар және коммерцияландыру департаментінің директоры:

- Біз бұл электр сымдарды жасағанда галоген қолданбаймыз. Еуропадағы экологиялық стандарттарға сәйкес, мұндай өнімдерде «Halogen Free» деген белгі болады. Яғни олар жанған кезде улы газ бөледі. Ал біздің өнімдер жанғанның өзінде адам өміріне қауіп төндірмейді.

Ғылыми жобаны жүзеге асыруға Қазақстан ғылым қоры қолдау көрсетті. Бүгінде электр сымдары Өзбекстанға экспортталуда. Енді кезең-кезеңімен отандық нарықты қамту көзделуде. Айта кету керек, радиациялық модификациялау технологиясы тек өндірісте ғана емес, жәндіктерді улауда қолданылады. Ғалымдар осы әдіс арқылы масаларды залалсыздандырып, олардың көбеюіне жол бермеуге болады, дейді.

Жанат Байғазинов, "Ядролық технологиялар паркі" АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл технология арқылы жасалған дүниелер адам өміріне еш қауіп төндірмейді. Керісінше оларды толығымен залаласыздандырады. Мәселен, операция жасағанда қолданылатын құралдар қаншалықты таза болса, бұл өнімдерде соншалықты қауіпсіз.

Ғалымдар өндіріс орындарымен жұмысты жалғастырмақ. Қазір олар термотөзімді су құбырларын жасауға кіріскен. Мамандардың айтуынша осы арқылы құбырдағы апаттардың алдын алуға болады.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы